Елордалық полицейлер есірткі диллерін ұстады
Елордалық Полиция департаментінің қызметкерлері тұрақты негізде елордаға есірткі жеткізудің "арналарын" жабу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, "Дәрмек" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде кезекті есірткі сатушыны ұстаған. Мұқият жоспарланған арнайы операция кезінде полиция қызметкерлері "Hyndai Accent" маркалы автокөлікті ұстап, ондағы 28 жастағы жолаушыдан жеке тінту кезінде шалбары мен барсеткасының қалтасынан салмағы 109 грамм болатын сатуға дайындалған "гашиш" оралған түйіншектер алынды. Сонымен қатар, көлікті тінту кезінде "гашиш" есірткі заты салынған екі полиэтиленді пакет табылды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1 килограмм 950 граммнан астам "гашишті" құрады, оны қаскүнем әлеуетті есірткі тұтынушыларға сатуды жоспарлаған.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады. ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі "есірткі құралдарын, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау не өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елорда аумағында есірткі жеткізуге және өткізуге қатысы бар адамдар анықталуда.