Елордалық полицейлер 6-қабаттан секірмек болған азаматты құтқарды
Астаналық тәртіп сақшылары өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Белгілі болғандай, ер адам көпқабатты үйдің терезесінен секірмек болған.
Оқиға Рысқұлбеков көшесінде орын алған. Полицияға хабарласқан әйел өзінің 45 жастағы күйеуі 6-қабаттың терезесінен секіремін деп қорқытып жатқанын жеткізген. Патрульдік полиция қызметкерлері Әділет Далабаев пен Нұрғазы Марат келген соң жағдайды тез бағамдады. Олардың бірі төменгі қабатта қалып, қала тұрғынын райынан қайтару бағытында диалог жүргізді. Ал екіншісі бөлмеге абайлап кіріп, тез ер адамға қарай жүгіріп барып ұстап алып, оны пәтерге сүйреп апарды. Құтқарылған адамға психологиялық көмек көрсетілді, - деп нақтылады Шұғыла Тұрлыбек.
Елорда тұрғынын мұндай асығыс әрекетке не итермелегенін полицейлер анықтап жатыр.