Елордалық коммуналдық қызметкерлер тұрғындарды қалаға ұқыпты қарауға шақырды
"Астана Тазалық" мекемесінің арнайы техника жүргізушісі Нұрлыбек Нұрмаханов 13 жылдан бергі уақытын қаладағы тазалықты сақтауға арнап келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Оның жұмысы таңғы сағат 6-да физикалық тексеруден басталады, содан кейін ол әріптестерімен бірге қаланы тазалауға кіріседі.
Нұрлыбектің техникаға бұрыннан қызығушылығы зор. Ол бұрын құрылыста жұмыс істегенімен, қазір қаланы тазалап жүргеніне дән риза. "Астана Тазалық" мекемесінің қызметкерлері қаланың әдемі әрі көрікті көрінуі үшін елорданың тазалығын сақтау үшін белсенді жұмыс істеуде.
Нұрлыбек өз жұмысына мақтаныш сезімін білдіріп, елордада жағымды әрі таза атмосфера құруға өз үлесін қосатынын айтты.
Бала кезімнен техникаға қатты қызықтым. Астанаға алғаш келгенімде құрылыс саласында жұмыс істедім. Маған қазір өзімнің жұмысым ұнайды. Мен Астанамыздың әдемі әрі таза болуына үлес қосамын, - деді Нұрлыбек.
Сондай-ақ Нұрлыбек Нұрмаханов қаладағы тазалық пен тәртіп тек тазалау қызметтеріне ғана емес, әр тұрғынға да қатысты екенін атап өтті.
Әрқайсымыз қоқыстарды арнайы контейнерлерге тастамай, тазалықты сақтауға үлес қоса алатынымызды есте ұстаған жөн. Қоршаған ортаға күтім жасау және біз тұратын қаланы құрметтеу - әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Мереке күндері мекеме қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Біздің мекемеде жүргізушілерден басқа, қала көшелерін қолмен тазалайтын қызметкерлер бар. Олардың еңбегі орасан зор, өйткені олар кез келген ауа райында көшелерді таза ұстайды, - дейді Нұрлыбек Нұрмаханов.