Елордалық кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне қалай енеді?
Шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлер елорда халқының төрттен үш бөлігін құраса, қала экономикасының жартысынан көбін ШОБ құрайды. Бизнес экономиканың барлық салаларында, соның ішінде әлеуметтік салада өз үлесін қосуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бизнес субъектілерінің әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне қалай енгізілетіні туралы ӨКҚ брифингінде елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров айтты.
2021 жылдың соңында әлеуметтік бағдарланған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін «әлеуметтік кәсіпкерлік» термині заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Ұлттық экономика министрлігінде Әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімі құрылды, оның құрамы жергілікті атқарушы органдардың ұсынымы негізінде бекітіледі.
Әлеуетті әлеуметтік кәсіпкерлер 4 санатқа бөлінеді. Бірінші санат – халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарды, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды, көп балалы отбасылардың өкілдерін, зейнеткерлер мен зейнет жасына дейінгі азаматтарды, 16 жастан 23 жасқа дейінгі балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін, қандастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін әлеуметтік кәсіпкерлер.
Екінші санат – бұл әлеуметтік жағынан аз қамтылған санатынан шыққан азаматтар өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлер.
Үшінші санат – олар үшін тіршілік әрекетінің шектеулерін еңсеруге немесе өтеуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасау мақсатында дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік кәсіпкерлер.
Төртінші санат – әлеуметтік салада жұмыс істейтін әлеуметтік кәсіпкерлер.
Қағидаларға сәйкес, әлеуетті әлеуметтік кәсіпкерлерді тізілімге енгізу туралы шешімді арнайы комиссия бекітеді. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін комиссияның 10 отырысы өткізілді, кәсіпкерлердің 100 өтінімі қаралды, оның қорытындысы бойынша 74 әлеуметтік кәсіпкердің тізіліміне енгізілді, - деді Қуаныш Сапаров.
Өтінімдерді қабылдау тоқсан сайын, әр тоқсанның соңғы айында жүзеге асырылады. Биыл Астанада ШОБ-тан әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізуге 48 өтінім түсті.
«Өтініш берушілердің деректерін растау үшін мемлекеттік органдарға сауал жолданды. Ереже бойынша, 25 наурызға дейін біз мақұлданғандардың тізімі бар Комиссияның шешімін ҰЭМ-ге жіберуіміз керек. Осыған байланысты, алдағы күндері арнайы комиссия осы өтінімдерді қарайтын болады. Өтінімдерді кезекті қабылдау биылғы 1-15 маусым аралығында болатынын еске салғым келеді», - деді спикер.
Барлық сұрақтар бойынша осы нөмірлерге хабарласуға болады: 55-69-03, 55-69-10, 55-69-21.