Елордалық гимнаст қыздар Азия чемпионатында 15 медаль жеңіп алды
Спортшыларды №1 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылар құрамы дайындаған.
Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионаты елордалық спортшылар үшін табысты аяқталды. Бірнеше күнге созылған жарыста Астана құрамасының қыздары жеке және топтық бағдарламаларда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына 15 медаль салды.
Астана әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, чемпионаттың алғашқы күні командалық көпсайыста бірден екі күміс медаль жеңіп алынды.
Сеньорлар арасындағы №1 құрама 263,65 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Топтық бағдарламада ел намысын сеньорлар құрамасы, сондай-ақ Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы қорғады.
Жасөспірімдер арасындағы №1 құрама да 140,5 ұпаймен командалық көпсайыста күміс медаль иеленді. Құрама сапында Анель Динишева, Анна Рубцова, Линара Жайлауова және Айғаным Рысбек өнер көрсетті.
Кейінгі жарыс күндерінде де астаналық гимнаст қыздар жанкүйерлерді қуанта білді.
Линара Жайлауова шығыршықпен жаттығуда 25,20 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды.
Айғаным Рысбек доппен жаттығу бағдарламасында 24,05 ұпай алып, күміс медаль жеңіп алды.
Топтық жаттығуларда сеньорлар арасындағы №1 құрама қола медаль иеленді. Команда құрамында Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова және Мәдина Мырзабай өнер көрсетті.
Жасөспірімдер арасындағы №1 құрама 5 доппен жаттығу финалында да күміс медаль жеңіп алды. Команда сапында Диана Бихерт, Құралай Қуаныш, Иллария Куряченко, Жасмин Қайыржанова, Сабина Тотебаева және Екатерина Пристенная болды.
Жарыстың соңғы күнінде де елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті.
Анель Динишева таспамен жаттығуда 24,60 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды.
Анна Рубцова шоқпармен жаттығуда 25,20 ұпаймен күміс медаль жеңіп алды.
Жасөспірімдер арасындағы №1 құрама 5 таспамен жаттығу финалында да күміс медаль иеленді.
Сеньорлар арасындағы №1 құрама 5 доппен жаттығуда 26,30 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар команда 3 шығыршық пен 4 шоқпар бағдарламасының финалында да күміс медаль жеңіп алды.
Ақмарал Ерекешева финалдық кезеңде де сәтті өнер көрсетіп, шығыршық пен доппен жаттығуда екі қола, ал шоқпармен жаттығуда күміс медаль иеленді.
Осылайша, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша елордалық спортшылар турнирді 2 алтын, 10 күміс және 3 қола медальмен аяқтады.