Елордалық дәрігерлер сирек кездесетін қатерлі ісікке шалдыққан науқасты аман алып қалды

Елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері сирек кездесетін қатерлі ісікке шалдыққан науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Пациентке Клацкин ісігі диагнозы қойылған. Бұл – өт жолдарында, атап айтқанда, бауыр аймағындағы түтіктерде дамитын обырдың бір түрі. Аталған дерт сирек кездеседі, 100 мың адамның ішінде 1-3 жағдай ғана орын алуы мүмкін. Ал Еуропа немесе Америкада тұратындарға қарағанда азиялықтарда жиірек анықталады. 

Емханамызға Қарағандыдан 70 жастағы әйел адам жүгінді. Қараша айында сарғаю белгілері байқалған екен. Әрі қарай тексере келе, Гепатопанкреатобилиарлы хирургия, онкогепатология және трансплантация орталығының мамандары Клацкин ісігін анықтады. Ауру бастапқы сатыда болғанымен, сол жақ өт жолдарын зақымдап үлгерген. Пациенттің инфаркт және жүректі шунттау секілді қосалқы аурулары болғанына қарамастан, дәрігерлік консилиум өткізіп, операция жасау туралы шешім қабылданды.  Бауырының 70 пайызын алып тастадық. Қазіргі таңда науқас белсенді, орнын тұрып, жүріп, тамақ жей алады. Жағдайы тұрақты, - деп атап өтті гепатобилиарлы хирург, трансплантолог Абылайхан Шарменов. 

Пациенттің өзі болса адамдарды денсаулығына бей-жай қарамай, медициналық тексеруді кейінгі қалдырмауға шақырды.  

Дәрігерлер Клацкин ісігіне тән симптомдардың жоқтығын айтады. Ауырсыну сипаты холецистит, холелитиаз сынды аурулардың белгілеріне ұқсас болғандықтан кейде диагноз қоюда қателесіп, дертті кеш біліп жатады. Алайда аурудың соңғы сатысында Клацкин ісігін емдеудің тиімділігі азая түседі. Тіпті 95 пайыз жағдайда ісік артерия мен қақпалық көктамырға бітісіп кететіндіктен, ота жасау да мүмкін емес. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы