Елордалық дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сағатын өткізіп, ота жасады
Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері Көкшетау қаласының көпсалалы облыстық ауруханасында шеберлік сағатын өткізіп, науқастарға ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орталықтың дәрігерлер тобы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың шақыруымен Көкшетау қаласының 200 жылдығына және «АМУ» КеАҚ 60 жылдығына арналған іс-шара аясында Көкшетау көпсалалы облыстық ауруханасының клиникалық-диагностикалық емханасының пациенттері мен нейрохирургия бөлімшесінің стационарлық пациенттеріне консультациялар ұйымдастырды.
Аталған іс-шараға орталықтың басқарма төрағасы, академик Серік Ақшолақов, Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің невролог дәрігері Гаухар Ибатова, Кіші инвазиялық нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Нұрали Әшіров, Жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Нұржан Әбішев, Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Бауыржан Қонақбаев қатысты.
Нейрохирургия орталығының дәрігерлері ми патологиялары, кіші инвазиялық нейрохирургия, балалар нейрохирургиясы және неврологиясы, омыртқа мен жұлын патологиясы, қан тамырлары және функционалды аурулар мәселелері бойынша 40-тан астам консультация өткізді.
Сондай-ақ Көкшетау қаласының 57 жастағы тұрғынына омыртқааралық жарық дискісін алып тастау бойынша операция жасалды. Ота сәтті өтті, пациент операциядан кейін анестезиядан өз-өзіне келді, - деп атап өтті орталықтың дәрігерлері.