Елордалық дәрігерлер БҰҰ-ның арнайы медалімен марапатталды
Конституция күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының» қызметкерлеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы медалі табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар қызметкерлер денсаулық сақтауға қосқан үлесі үшін «AMANAT» партиясының алғыс хаттарымен марапатталды.
Ата Заң – еліміздегі барлық құқықтық қатынастарды реттейтін маңызды құжат. Елімізде 5 маусым күні референдум өткізіліп, заңның 33-бабына көптеген маңызды процестерді реттейтін 60-қа жуық түзету енгізілді. Конституция күні қарсаңында біз медицина саласының қызметкерлерін құттықтап, олардың еңбегін ерекше атап өткіміз келді. Үздік қызметкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Ақ халатты абзал жандардың жұмысы лайықты бағалануы керек деп есептеймін, – деді AMANAT партиясы қалалық филиалының мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңесінің төрағасы Владимир Савкин.
Сонымен қатар «Мереке» қайырымдылық қорының қатысуымен «Мектепке жол» акциясы аясында аурухана қызметкерлерінің (дәрігерлер, медбикелер, санитарлар) оқушы балаларына арналған оқу құралдары бар сөмкелер тапсырылды. Олардың арасында көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар бар.