Елордалық боксшылар лицензиялық турнирді сәтті бастады
Бокстан лицензиялық турнирді елордалық боксшылар Римма Волосенко мен Нұрбек Оралбай сәтті бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
60 келіде шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Римма Волосенко Тринидад және Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездесіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Ал Нұрбек Оралбай Гаити боксшысы Седрик Беланиді сенімді түрде жеңді.
114 елден 668 спортшының қатысуымен өтетін әлемдік лицензиялық турнирде ұлттық құрама сапында Астана қаласының былғары қолғап шеберлері де бар. Атап өтсек, ерлер арасында ел намысын ағайынды 80 келі салмақтағы Нұрбек Оралбай мен 92 келідегі Айбек Оралбай қорғайтын болады.
Ал әйелдер арасында 60 келідегі Римма Волосенко мен 75 келі салмақтағы Валентина Хальзова өнер көрсетеді.
Айта кетейік, әйелдер арасында Олимпиаданың 21 жолдамасы, ерлер арасында 28 жолдамасы үлестіріледі.
Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан (ерлер мен әйелдер) Париж Олимпиадасының лицензиясы үлестірілетін турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді.