Елордалық белсенділер мұз ою шараларын өткізді

Бүгін елордалық белсенділер Ботаникалық саябақтағы жасанды су қоймасында жиналып, мұзды ою жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қыс ызғарында мұзды су онда тіршілік ететін балықтарға аса қауіпті. Әсіресе, оттегі тапшылығынан олардың қырылып қалу қаупі басым. Сондықтан балықтардың қыстан аман шығуы маңызды. 

Осы мақсатта өткізілген іс-шара Астана қаласы бойынша балық испекциясының қызметкерлері мен «Астана балықшылары» атты топтың белсенділерімен өткізілді.

«Біз астана қаласының балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері және "Астана балықшылары.кз" тобының белсенділерімен бүгін  ботаникалық бақтың жасанды су қоймасына жиналып, қоршауға қарсы іс-шара өткізуді мақсат еттік. Бұл жасанды су айдындары Астана қаласы әкімдігінің қарамағында. Судағы балықтарды құтқару мақсатында осындай іс-шараны бастама етіп көтерген белсенділерге алғыс айтамын»,- деді балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Айдар Қалибекұлы.

Ал «Астана балықшылары» тобының әкімшісі Қуат Джайлаубаев топ белсенділеріне ерекше алғыс айтты.

«Бүгін біз топ белсенділерімен бірге балықтарды сақтау шараларына өз үлесімізді қостық. Бұл жерде балықтар аз емес. Бүгін   балықтарға таза ауа беріп, демалуға мүмкіндік жасап, оларға өмір сыйладық. Алдағы уақытта да біздің топ белсенділерінің атқарар шаралары өте көп»,-деп атап өтті ол.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы