Елордалық балалар кинокөрсетілімдерге тегін бара алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаз мезгілінің басынан бастап Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" Мемлекеттік концерттік ұйымы "Жазғы кино" жобасын жүзеге асыруда, оның аясында еліміздің барлық өңірлерінен келген балалар жаз айларында "Қазақстан" ОКЗ-да өтетін кинокөрсетілімдерге тегін бара алады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты  хабарлады.

Жоба балаларды халқымыздың мәдени құндылықтарымен таныстыру, ішкі әлемдерін байыту және өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік дамуы мақсатында жүзеге асырылады. Бұл жұмыс "Қазақфильм" АҚ және "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ бірлесіп, балалар жылы аясында жүзеге асырылып отыр.

Маусым айының басынан бері 4 000-нан астам бала отандық үздік мультфильмдер мен көркем фильмдерді көріп үлгерді.

Көрермендердің алдында жаңа қазақстандық кинофильмдер мен анимациялық фильмдер көрсетіледі. 24 маусым күні сағат 15:00 және 19:00 – де "Нартай" фильмі, 25 маусым күні сағат 12:00 және 18:00 - де "Ұлы дала таңы" фильмі, 27 маусым күні сағат 12:00 және 19: 00-де "Паралимпиадашы" фильмі көрсетіледі.

Кинокөрсетілімге 8 708 888 19 91 телефоны бойынша жазылуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы