Елордалық әскерилердің балаларына арналған үйірмелер ашылды

Елордалық әскери бөлімде әскери қызметшілердің балаларына арналған үйірмелер ашылды. Енді әскери қалашықта тұратын балалар бос уақытын тиімді өткізе алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған іс-шараға Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары генерал-майор Нұрлан Алдияров, әскери бөлім командирі подполковник Абай Әлібеков және бокстан еңбек сіңірген спорт шебері, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері Марина Вольнова қатысты.

Президент бұқаралық спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Спортпен шұғылдану арқылы сендер күшті, төзімді боласыңдар, мінездерің қалыптасады. Бұл қасиеттердің бәрі болашақ Отан қорғаушыларға қажет, – деп атап өтті генерал-майор Нұрлан Алдияров.

Бокс, қоян-қолтық ұрыс, футбол, волейбол және шахмат сияқты спорт секцияларының ашылуына әскери бөлім қолбасшылығы бастамашы болып отыр. Оған 7 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Балаларды республикалық және халықаралық додаларда топ жарған спорт шеберлері жаттықтырады.

Мен тоғыз ай волейбол клубында жаттықтым. Онда барып-келуге айтарлықтай уақытым кететін. Енді, міне, тұрғылықты жерімде секция ашылып отыр. Бұл маған уақытты тиімді пайдалануға ыңғайлы, – дейді Дарина Богданова.

Спорттық секциялардан бөлек, балалар домбыра тартуды да үйреніп, «Шебер қолдар» үйірмесінде өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамыта алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы