Елордалық Александр Боцманға экзоскелет сатып алынды

Елордалық 18 жасар Александр Боцманға «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бағдарламасы аясында экзоскелет берілді,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

Александр – жоғары технологиялық аппаратқа ие болған екінші қазақстандық бала. Осыдан екі апта бұрын алғашқы экзоскелет көпбалалы отбасынан шыққан 16 жасар Асылжан Сайлауға сатып берілді. 

Бес күн ішінде Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында (БОҰО) Александр әкесімен, дәрігерлерімен, «Mbionics» отандық өндіруші кәсіпорынның мамандарымен бірге экзоскелетті сынақтан өткізіп келеді. Тестілеу және оқыту қорытындысы бойынша, сондай-ақ БОҰО жанындағы пәнаралық топтың мақұлдауы бойынша балаға экзоскелет беріліп, оны үйіне алып кете алады. 

Енді Александр жабдықпен үйінде қарқынды жаттығулар жасай бастайды. Қазір жүріс құралымен (ходунки) қозғалып, экзоскелет бұлшықеттерді дамытуға және қозғалысты жақсартуға көмектеседі деп үміттеніп отыр. Алайда, жүріс аппаратымен қазіргі нәтижеге жету үшін Александр мен оның жанұясы қиындығы көп ұзақ жолды бастан өткерді.

Анасы Регина Боцманның айтуынша, балаға екі жасында церебральды сал ауруы диагнозы қойылған. Диагноз айтылмай тұрып, туғанынан бастап Регина ұлын емдеу мен оңалту ісіне кірісті. Себебі, әрбір күн санаулы еді.

Диагноз қойылғанда оны қабылдау моральдық тұрғыдан қиын болды. Қорқынышты нәрсе сияқты көрінді. Саша кішкентай кезінде жағдайды түсінбеді, бірақ жасы ұлғайған сайын, әсіресе, жасөспірім кезінде оған қиынға соқты. Жылаған, уайымдаған кезі болды. Өздеріңіз білетіндей, 2000 жылдары ауру туралы жеткілікті ақпарат жоқтың қасы, қазіргідей Интернет болмады. Сондықтан, түрлі ақпарат көздерімен емдеу жолдарын іздеп, елімізде ғана емес, шетелде де емделдік. Өйткені мемлекет есебінен жылына ұсынылатын 10 оңалту күні тым қысқа. Бұл теңізге құйылған тамшы ғана. Ал ерекше балаларға күн сайын үздіксіз жатығу қажет, – дейді Регина Боцман. 

Боцмандар жанұясы екі жыл бұрын 14 жыл кезектен кейін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға қол жеткізді. Айтуларынша, барлық қаражат ұлын оңалтуға жұмсап,  өз үйлеріне қаражат жинауға мүмкіндік болмаған. Емдеу үшін барлық мүлікті сатып, сонымен қатар халық арасында қайырымдылық қаражатын жинап, соның есебінен бірнеше жыл бойы Александр басқа елдерде емделуге мүмкіндік алды. 

Елімізде қолдауға дайын жанашыр азаматтардың көп екеніне риза болдым. Қайырымдылық қаражатының арқасында Украинада, Ресейде, Польшада оңалтудан өттік. Карантинге дейін демалыс кезінде бірнеше жыл қатарынан Қытайға барып, күнделікті көмек алып отырдық. Аяққа үш рет ота жасалды. Сашаны аяғына тұрғызудың барлық бағыттары мен әдістерін қарастырдық. Осыған тұрарлық іс болды. Біз Сашаны арбадан тұрғызып, оны жүріс құралына аяқ бастырдық, – дейді анасы Регина Боцман.

Экзоскелет Александр үшін оңалтудың жаңа құралы болмақ. Осыған дейін отбасы «CyberFund» қайырымдылық қорына өтініш берген болатын. Ол қор аппаратты халық қайырымдылығы есебінен сатып алумен айналысады. «Қазақстан халқына» қорының халықтың әлеуметтік осал топтарындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды экзоскелеттермен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы іске қосылғаннан кейін Қордың серіктесі ретінде «CyberFund» пациенттік ұйымы физикалық параметрлері экзоскелетті пайдалануға мүмкіндік беретін 13 баланы анықтады. Олардың қатарында аппаратқа кезекте тұрған Александр Боцман бар. Бұл зор жаңалық атанып, жасөпірімнің аяққа тұру арманына үміт берді.

Біздің мақсатымыз Сашаны аяғына тік тұрғызу болды. Мақсатқа қалайда жететінімізді білемін. Осы 18 жыл ішінде бар өмірімізді Сашаға арнап келдік және оны жалғастыратын боламыз. Мен әрдайым балаға, оның сауығып кететініне  сену керек деп айтамын. Бұл ұмтылыс пен күш береді. Осындай жағдайда қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қорына алғысым зор, – дейді Регина Боцман.

Бүгінде Александрдың күнделікті өмірі қарқынды өтуде. Мектептегі оқудан кейін ол міндетті түрде кинетикалық орталықта жаттығулармен айналысып, бассейнге және курстарға барады. Өткен күздегі демалыс кезінде жұмысқа тұрды. Промоутерлік компанияға орналасып, өзі бетімен және достарымен көшеде, үйлердің кіреберістеріне парақшалар таратып жүрді. Қазір Александр 11-сыныпта оқиды. Болашақ мамандығын да таңдап қойды.

Біз Қытайда емделіп жүрген кезде мен қытай тіліне қызығушылық таныта бастадым. Өткен жылдан бастап қытай және ағылшын тілдерін үйренуді бастадым. Сондықтан аудармашы болуды жоспарлап отырмын. Анам мен әкемнің, достарымның қолдауының арқасында өз жоспарымды жүзеге асыра аламын деп ойлаймын, – дейді ол.

Осы жылдың қазан айының соңына дейін тағы екі бала экзоскелетті сынақтан өткізуге қатысады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының мәліметінше, экзоскелеттермен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы тірек-қимыл аппараты бұзылған (церебральды сал ауруы, ми жарақаттары, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және т.б.) халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арналған. Бағдарламаға аясында 13 балаға 117 млн теңге көлемінде құрылғы сатып алынады: бір экзоскелеттің құны 9 млн теңге.

Жобаның серіктесі пациенттік ұйым болып табылатын «CyberFund» қайырымдылық қоры балалардың құжаттарын әзірлеу және жинауды жүзеге асырады. 

Экзоскелетті өндіруші «Mbionics» отандық компаниясы. Бағдарлама аясында салмағы 25 килограмм болатын әрбір экзоскелет әр баланың жеке қажеттіліктері мен физиологиялық параметрлерін ескере отырып жасалады. Биіктігі 130–дан 160 см-ге дейін және салмағы 60 кг-ға дейінгі балаларға арналған экзоскелет шығаралады. Экзоскелеттің қызмет ету мерзімі – 5 жыл. Өндіруші компания бір жыл ішінде аппараттың жұмысына бақылау жүргізеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы