Елордалық алаяққа 100 мың теңге беріп алданып қалған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицияға қала тұрғыны белгісіз адам оның ақшасын алаяқтық жолмен иемденгені туралы өтінішпен жүгінді. Бұл туралы ПД хабарлады.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде елордалық полиция қызметкерлері 24 жастағы күдіктіні Талғар қаласында ұстады.
Тергеу барысында анықталғанындай, ер адам «Инстаграм» арқылы ақшаны айналдырып арттыру сылтауымен оған ақшаны аударған адамдарды алдап соққан. Алаяқ өзіне сенім білдірген азаматтарды белгілі бір уақыттан кейін олар уәде етілген пайыздарды ала алады деп сендірген. Қаскүнем ақшаны алып алғаннан соң байланысқа шығуды тоқтатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта полицейлер алаяққа құрбан болған басқа да жәбірленушілерді анықтап жатыр және оның басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға және аса тиімді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.