Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар сайлауға белсене қатысып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы №144 сайлау учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді.

Жаңадан отбасын құрған ерлі-зайыптылардың пікірінше, ел үшін осы маңызды күні таңдау жасау – әркімнің азаматтық борышы. Сондықтан, үйлену тойының дайындығына қарамастан, Ботагөз Калтаева мен Фархат Жанбеков учаскеге келуге шешім қабылдаған. Осылайша, 10 қаңтар тек неке күні ғана емес, сонымен қатар алғашқы отбасылық сайлау ретінде де есте қалады.

Бүгін біздің өмірімізде екі есе маңызды күн. Біздің еліміз үшін осындай айтулы күні отбасымыздың құрылғанына өте қуаныштымын, - дейді Ботагөз.
Жас жұбайлар дауыс берген осы сайлау учаскесінде 2 706 адам тіркелген.

Сондай-ақ жақында ғана отау тіккен тағы бір түркістандық жас жұбайлар Марат Қалеке мен Ардақ Төлепбек те бүгін Түркістан қаласындағы 104-і сайлау учаскесінде дауыс берді. 

Марат мемлекеттік қызметкер, жұбайы Ардақ Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті.

Жалпы өңірде мәслихат сайлауы бойынша 320 депутаттық мандат берілсе, оның 45-і облыстық мәслихатқа бөлінген. Ал қалалық мәслихатқа - 47, аудандық мәслихатқа - 228 депутат сайланбақ.


Айта кетейік, Түркістан облысында 911 сайлау учаскесі ашылып, онда 1 млн 160 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Облыс орталығы - Түркістан қаласында 50 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Онда қала тұрғындарымен қатар, қызмет бабында жүрген азаматтар және қалаға келген қонақтар да дауыс беруде. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы