Елордалық волонтерлар қарт кісілерге көмектесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел астанасында егемендіктің 30 жылдығы аясында «30 игі іс» бастамасы жалғасып келеді. 

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ мен волонтерлар мұқтаж зейнеткерлердің ауласының қарын тазалауға көмек көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жиналған топ Горький көшесі, 7 мекенжайында тұратын қарт кісілерге қолғабыс етті. Ауласының қарын шығарып, отынын шауып берді.

Жасым 77-де. Атамыз 82-ге келді. Шаңырақ көтеріп, бірге өмір сүріп жатқанымызға 57 жыл болыпты. Ал бұл жерде тұрып жатқанымызға 40 жылдан аса уақыт өтті. Жастардың топ болып жиналып, біз сияқты қарт кісілерге көмектесіп жүргені қуантады. Былтыр да келіп, біраз шаруамызды тындырып берген еді. Биыл да да жалғасып жатыр. Алғысым шексіз. Денсаулықтары мықты болсын! Бастаған әрбір істері берекелі болсын деп батамды беремін, - деп Антонина Тверитнева әжей жиылған қауымға алғысын жаудырды.
Әжей биылғы қыс былтырғыдай қарлы болмағанын, соның нәтижесінде ауланың қарын тазалау анағұрлым жеңіл болғанын айтып өтті. Алғысы ретінде батасын беріп, кәмпит толы қабын сыйға тартты.
Елімізге үлкенге құрмет, кішіге үлгі көрсететін өнегелі жастар керек. Қазір волонтерлеріміз мұндай игі шаралардың басы-қасында жүруді әдетке айналдырды. Қайырымдылық шарасын өткізу қажет болса, волонтерлеріміз жұдырықтай жұмылып, тап-тұйнақтай орындап шығады. Қаламызда бас-аяғы 3000-ға тарта волонтеріміз бар. Таза ауада осылай қар шығарып, отын жару денсаулығымызға да пайдалы әрі сауапты іс. Осындай көпті көрген қарияларымызға қолғабыс етіп, батасын алғаннан артық бақыт бар ма, - деп Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров ойын білдірді.
Волонтер қауым бүгін 5 отбасының ауласындағы қарын шығарып, үлкендердің алғысына бөленді. Зейнет жасындағы кісілер үшін бұл үлкен көмек болғаны белгілі.

Мамандығым бойынша аспазшы кондитермін. Ал волонтерлікпен 2018 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыттан бері аптаның қай күні болса да қайырымдылық шараларына уақыт тауып, бір кісідей атсалысып келеміз. Мемлекет басшысы өткен жылды Волонтерлер жылы деп жариялағаннан кейін бұл салаға қызығушылық танытқандар күрт артты. Әсіресе былтырдан бастап бұл бағыт ерекше қарқынмен дамып келеді. Үлкен кісілерге көмек берген сайын ерекше бір сезімге бөленемін. Ол кісілердің жүзіндегі қуанышты көріп, баталарын алғаннан кейін көмектесуге деген құлшынысым арта түседі, - деп жас волонтер Адина Амренова өз әсерімен бөлісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы