Елордалық полицейлер велосипед ұрысын ұстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыарқа ауданы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бірқатар велосипед ұрлады деген күдіктіні ұстады, деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір оның 4 әртүрлі маркалы велосипед ұрлығын жасағаны анықталған. Жауап алу барысында ер адам өз кінәсін толық мойындаған. Күдіктінің ұрланған велотранспорттарды бейтаныс адамға төмен бағаға өткізіп үлгергені анықталған.
Белгілі болғандай, ол барлық ұрлықты бір схема бойынша жасап отырған. Қаскүнем үйлердің аулаларына келіп, кіреберістің есігін ашылуын күтіп ішке кіріп отырған, сосын ең жоғарғы қабатқа көтеріліп, баспалдақтан төмен қарай түсіп келе жатып қараусыз қалған және құлттанбаған велосипедтерді іздеген. Ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті велосипед сатып алған кезде әрбір велосипедтің иесі оларды қауіпсіз жерге сақтау шараларын қарастыруы тиіс екенін еске салады. Велосипедіңізді қалдырған кезде сенімді құлыпты қолдануды ұмытпаңыз, сонымен қатар көше бейнекамералары қарайтын орынды таңдауыңызды ескертеді.