Елордалық еріктілер сенбілік өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «30 игі іс» акциясы аясында елордада «Дос-Тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі аумағында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Астана жастары» КММ және елордалық еріктілердің қатысуымен сенбілік өтті.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «30 игі іс» әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары өтіп жатыр.


Акцияның басты мақсаты - қала өміріне белсене атсалысып, тұрғындарға игі іс жасау, қайырымды істер арқылы азаматтарды мейірімділікке шақыру.


Нұр-Сұлтан қалалық еріктілер штабының волонтері Арайлым Сапарәлі еріктілер қозғалысының тек бүгін  емес, осы пандемия уақытында көп жұмыс атқарғандығын атап өтті. 


Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде жыл бойы тұрақты 500 волонтер жұмыс істеді. Одан бөлек 3000 ерікті бір реттік іс-шараларға тартылған.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Дәстүрлі түрде қар тазалау жұмыстарына атсалыстық, 80-ге жуық мұқтаж отбасылардың қарын тазалауға көмектестік. Қала бойынша екпе егуге түсіндірме қағаздарын таратып жүрміз. Көмек сұраған мұқтаж кісілерге барамыз. Еріктілер әлеуметтік желілер  және БАҚ-қа жарияланған ақпарат арқылы өздері қызығып келе бастайды, - деді ол.

Ол атағандай, ресурстық орталықтың басты бағыттарының бірі 29 жасқа дейінгі жастармен жұмыс істеу, яғни мектеп оқушылары, арнаулы орта оқу орындары мен ЖОО студенттерін ерікті жұмыстарына үндеу.


Ниет білдірушілердің барлығы келеді. Еріктілерге айлық төлеу туралы тәжірибе жоқ. Жыл басындағы сайлау науқанында әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска тағу бойынша түсіндіру жұмыстарына ерікті түрде көмек көрсеттік. Сол кезде барлық волонтерларға еңбекақы төленді. Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін үлкен ауқымды жұмыс болғандықтан, тегін тамақпен қамтамасыз етілді, бір реттік төлемақы төленді. Ауызашарға бір апта бұрын Байқоңыр ауданында қасымызда тұрған мешітпен бірлесіп, азық-түлік себеттерін тараттық. Соңғы үш күнде "Халық банкінің" қолдауымен 1000 отбасыға төрт аудан бойынша  азық-түлік себеттері жеткізілді. Ал вакцина  бойынша ойын-сауық орталықтары мен аялдамаларда мәліметтер тараттық, - деп Арайлым Сапарәлі еріктілердің атқарған жұмыстарымен бөлісті.

Бүгін еріктілер «ДОС» «Тәуелсіз өмір» орталығының айналасына сенбілік жасауға келген. Бұл мекеме - мүмкіндігі шектеулі жандардың біріккен орталығы.


Бұл жерде екі мекеме орналасқан. Біреуі – «Жастар қоғамы». Мұнда көзі нашар көретін азаматтар жұмыс істейді. Бұл кісілердің массаж жасау жағынан қабілеттері жақсы. Мен мына өзім отырған секілді сынған арбаларды тегін жөндеп беремін. Жыл сайын түрлі жобалар болады. Сол жобалар арқылы ақысыз жөндеп, жұрттарға табыстаймыз. Қолдан келгенше қайырымдылық жасаймыз. Арба жөндеуді күнделікті өмірде қажет болғаннан кейін, 2017 жылдары өзіміз үйрендік, - деді Құрбанәлі Әбуов.

Ол «Дос» тәуелсіз орталығында жұмыс істейді. 2018 жылы америкалық мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсететін қоғам арнайы ұсыныс тастап, арба жөндеуді арнайы үйреткен екен.

Арбаны қалай жинау керек, әр адамның шамасына қарай қалай таңдау керек, барлығын түсіндіріп берді. Былайша айтқанда дипломын алдық қой. Сертификатын берді. Тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ғана емес, басқа аймақтар да хабарласып жатады. Өйткені ол жақта жөндеу орталықтары жоқ. Олар біреу арқылы беріп жібереді немесе арбаның сынған жерін суретке түсіріп жібереді. Біз осы жақтан жетіспейтін құрал-жабдықтарын салып жіберіп жатамыз. Қосалқы бөлшектерді Ресей мен Қытайдан алдырамыз. Ресейден рубль бойынша есептеген кезде қымбатырақ шығады. Бірақ ең қолжетімдісі – осылар. Одан бөлек өзіміздің «Дос Арт» клубымыз бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар келіп шығармашылықпен айналысады. Пандемияға дейін қарттар үйіне, балалар үйіне барып немесе арбатқа шығып тегін концерттер беріп жүрдік, - деп орталықтағы жұмысы жайлы айтып берді.

Сенбілікке қатысушылардың барлығы санитарлық нормаларды сақтап, бетперделермен және қолғаптармен қамтамасыз етілді.


Осы мекемеге еріктілерді өзіміз шақырдық. Бір хабарласқаннан көмек көрсетуге ешқандай қарсылық көрсетпей, сұранысымызды қабыл алды. Ерікті қыз-жігіттердің барлығына алғысымызды білдіреміз. Осы Рамазан айында қол ұшын созып, көмек көрсетіп жатқан кісілер сауапқа кенеледі ғой. Өзіміз де мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндеп беруге жұмыс жасаймыз, - деп Құрбанәлі Әбуов өз алғысын жеткізді.





  Раушан Асқарқызы
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы