Елордалық барда 250-ге жуық адам бір уақытта көңіл көтерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары бірнеше ай бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Олар күн сайын қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзушыларды анықтауда.
Өткен тәулікте, яғни 4 маусымда мониторингтік топтар 5 мекемені әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Алматы ауданында 4 мекеме карантин режимін бұзғаны анықталды. Олар: екі лото клубы, «Алания» түнгі клубы және «One Bar» бар.
Сарыарқа ауданында «Анор» асханасы 22:00-ден кейін де жұмыс істеуін тоқтатқан жоқ.
Ал Байқоңыр ауданында орналасқан «Порта Фортуна» мейрамханасында 50 адамға арналған үйлену тойы өтті. Сондай-ақ «Драфт», «Мята» барлары карантинді бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Есіл ауданында «Cabera» гриль-барында мониторингтік топ бір уақытта 250 адамның болғанын анықтады.
Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, ел астанасы «қызыл» аймаққа енгеніне үшінші ай болды. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.