Елордалық әуежай мұрағаттық суреттерді көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін таңғы рейспен «Нұр-Сұлтан – Семей» бағыты бойынша ұшқан жолаушылар оркестрдің әуенімен тіркеуден өтті. Рәсімнің салтанатты түрде өтуінің себебі - 1931 жылы дәл осы күні Семей мен Ақмола арасында тұрақты әуе қатынасының басталуы. 

Бүгін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ-на 90 жыл толды. Атаулы күнге орай елорда әуежайы терминалдардың құрылысы тарихынан мұрағаттық фотосуреттерді көрсетті. 

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы - еліміздегі ең ірі әуежайлардың бірі. Елорданың әуе айлағы Орталық Азия елдерінің әуежайлары арасында жолаушылар ағыны мен жүк тасымалы бойынша екінші орында, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-ші орында. 

Бүгінгі таңда әуежай негізгі отандық және бірқатар шетелдік авиакомпаниялар үшін негіз болып табылады. Қабылданатын әуе кемелерінің ең жоғары деңгейдегісі: Боинг Б-747-800, Руслан АН-124 және төменгі санаттағы ұшақтар. 

Цифрлық мүмкіндіктердің арқасында NQZ қосымшасы арқылы жолаушылар онлайн-тіркеуді жүргізе алады, рейстерді қадағалай алады, әуежай қызметтеріне ақы төлей алады.

Елорда әуежайын дамыту ИАТА және ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Әуежайдың ұшу-қону жолағы Орталық Азиядағы ең үздіктердің бірі. Ол ІІІА ИКАО санатына сәйкес келеді және кез келген ауа райында әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға мүмкіндік береді.

Мерейтойлық іс-шаралар аясында Халық банкпен бірлесіп, әуежай дизайнымен банк картасы шығарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елбасы мінген ер
Өзгелердің жаңалығы