Елордалық волонтерлер адамдарға неге көмектесетінін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл санап елордада волонтерлер көбейіп келеді. Адамдар бір-біріне көмектескілері келеді. Осылайша игі істер үнемі жалғасын табуда.
Тек «Астана жастары» КММ-де 2,5 мыңнан астам ерікті бар. Олар күн сайын әлемді сәл де болса жарқын ету үшін жақсылық жасайды. Қатысушылар волонтерлік бір реттік шара емес, өмірлік маңызды бар іс екенін айтады.
Бүкіл әлемде еріктілер қызметіне ерекше назар аударылады. Шетелдік ЖОО-ға оқуға түсу кезінде волонтерлік тәжірибенің артықшылығы бар. Басқаларға көмектесуге дайын, қамқор азаматтарымыздың көп екеніне қуаныштымын, - дейді Мирас Мұратов.
Ерікті үшін басқа адамдарға көмектесу өмірінің бір бөлігіне айналған.
Алғашқы үлкен шарада-ақ мені және барлық басқа еріктілерді жұмылдырған бірлік күшін сезіндім. Қыста және ерте көктемде, жеке тұрғын үйлердің аумағын қар мен мұздан тазарту қажет болғанда, мен, балалар, соның ішінде қыздар да көмекке жиі баратынбыз. Олар көбіне жалғызбасты қарттар болатын. Топтың ең кішісі болған соң үнемі үйлердің шатырын қардан тазартуға жіберілетінмін. Кейбір әжелер бізді естен шығармай, қар тазалағаннан кейін шайға шақыратын. Мен үшін волонтерліктен алатын ең құнды нәрсе адамдардың шынайы алғысы деп айта аламын, - дейді Мирас.
Наталья Коновалова бұрын банк қызметкері болған. Ол сағат 9-дан 18-ге дейін кеңседе отырғанда, өз ісіне қанағаттану сезімі болмағанын айтады. Осылайша ерікті ниеттестерімен бірге адамдарға көмектесетін қор ұйымдастыруды ұйғарған.
Алдымен біз балалар үйіне бардық, бірақ бүгінде бұл мекемелер барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Содан кейін біз мұқтаж жандарға көмектесетін қор ұйымдастыруды ұйғардық, - деп түсіндірді Коновалова.
Бүгінде «Нұр Әлем» қоғамдық қоры - мұқтаждар мен көмек берушілер арасындағы бағыттаушы. Дүкендер, кәсіпкерлер және басқа да адамдар қор жұмысшыларына аз қамтылған отбасыларға беретін заттарды ұсынады. Қазіргі таңда қор 200-ден астам отбасы мен мың балаға көмектесуде.
Күзде резеңке етікпен келген баланың қорымыздан жылы киініп кеткенін көру керемет сезім. Өмірдің бекер өтіп жатпағанын сезесіз. Қиын күндері көмек алған адамдар өмір бойы осындай нәрселерді есінде сақтайды. Мен бұрын банк қызметкері болып жұмыс істедім, ол жұмыс мені қанағаттандырмады. Қазір бәрі басқаша, - деп атап өтті Наталья Коновалова.
Бұған дейін елордада «Астана жастары» КММ-де арнайы еріктілер мектебі жұмыс істейтіні хабарланған болатын. Онда адамдарға әртүрлі жағдайда қалай көмектесуге болатыны үйретіледі.