Елордалықтар тегін заңгерлік кеңес ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жандар Lawcenter арнайы қосымшасы арқылы білікті заңгерлерден тегін кеңес ала алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ол үшін қосымша арқылы тіркеліп, мәртебеңізді растап, нөлдік мөлшерлемемен тапсырыс беру қажет. Кейін Pro bono заңгерлері клиентпен байланысады.

Біз "Қазақстан заңгерлер одағы" РҚБ және "Ұлан-ғайыр дала елі" ҚБ серіктестерімізбен бірге қазір төрт аймақта (Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстары) көмек көрсетіп жатырмыз. Қазірге дейін 500-ге жуық адам көмек алды. Өтінімдер әр түрлі сауалдармен – жәрдемақы, алимент, несие бойынша түседі. Сонымен қатар олар өтініштерді жіберу, тұтынушылар құқығын қорғау бойынша анықтамалық сұрақтар жолдайды, – дейді "Жас заңгерлер палатасы" ҚБ төрағасы Сағидолла Баймұрат.

Бірлестік төрағасының айтуынша, қызмет алушылардың заңгерлер жұмысын бағалау мүмкіндігі де қарастырылған.

"Жас заңгерлер Палатасы" ҚБ-ның негізін қалаушы – 2015-2017 жылғы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің түлегі. Оның айтуынша, қызметтің жаңа түрі мен қосымшасы – заң қызметтері нарығын, сапалы кадрлар мен бәсекеге қабілеттілікті дамыту үшін жасалған қадамдардың бірі.

Өткен жылы біз "Жас заңгерлер палатасы" қоғамдық бірлестігін құрдық. Негізгі мақсат студент-заңгерлерге, тағылымдамадан өтуші жастарға тәжірибелік білім беруді, тәжірибелі заңгерлермен нарықта бірге дамуды көздейді. Адамдарға тегін кеңес беріледі. Болашақта бүкіл Қазақстан бойынша қамту жоспарлануда. Бірақ біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан бастадық. Біз әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсету идеясын Lawcenter қосымшасында қолдандық, бұл әлеуметтік жобалар шеңберіндегі барлық процестерді цифрландыруға мүмкіндік берді, – дейді Сағидолла Баймұрат.

Бұған дейін барлық қызметтер телефон, мессенджерлер мен тегін заңгерлік көмек кабинеттері арқылы көрсетілді, алайда пандемияға байланысты белсенділік төмендегені байқалады.

 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы