Елордалық оқушы: Әлеуметтік желіде тым көп отырған кезде басым ауырып, өзімді жайсыз сезінемін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде жастардың әлеуметтік желі мен телефонға деген тәуелділігі күн санап артып келеді. Олар қандай ақпаратты тұтынады? Ақпараттық гигиена тұрғысынан қаншалықты сақ әрі қырағы?
Бұл жөнінде елордада өткен медиасауаттылықты дамытуға арналған чемпионаттың қатысушысы, "АнтиФейк" командасының көшбасшысы Абылайқызы Камиланың пікірін білген едік.
Ол - Нұр-Сұлтан қаласындағы №48 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы. Ойы ұшқыр, өресі биік әрі оқуда озат Камила бір күн бойы интернет пен телефонды қоспай, өзінің әлеуметтік желі мен толассыз ақпаратқа қаншалықты тәуелді екенін сынап көрген екен. Нәтижесінде, әлемнің бар жаңалығынан құр қалғандай сезінгенін және шыдамай кешке смартфонын қосқанын айтып берді.
Сыни ойлау мектебінің бірінші тренингіне қатыстым. Барлық тренинг тегін болды. Жастар жылында қала әкімдігі қолдау көрсетіп, бізге осындай мүмкіндік бергеніне аса қуаныштымын. Сегіз түрлі спикерлер өздерінің білімімен бөлісті. Маған ұнағаны спикерлер түсінікті тілмен жеткізіп, қызықты етіп өткізе алды. Ақпарат айдынында, яғни әлеуметтік желіде өзімізді қалай ұстау керек екенін айтты. Ақпараттық гигиена туралы айтқаны ерекше әсер етті. Есімде қалды. Себебі, өз басымнан сондай жағдайды өткерген болатынмын. Тым көп әлеуметтік желіде отырған кезде, шамадан тыс ақпарат алған кезде менің басым ауырып өзімді жайсыз сезінемін. Соны егжей-тегжейлі түсіндіріп айтты. Шынымен де солай. Белгілі бір уақыт аралығында барлық ақпарат көзін тоқтата тұрып, сананы, көзді демалдыру керек. Мен өзім бір күн бойы интернет пен телефонды қоспай, артық ақпарат алмаймын деп шешім қабылдадым. Орысша айтқанда "разгрузочный день" жарияладым. Алайда, маған өте қиын болды. Қайта-қайта алаңдап, телефонымды барып қарағым келіп, әрең шыдадым. Біреу маған жазған шығар немесе әлемнің күллі ақпарынан қалыс қалып жатқандай сезіндім, - дейді ол.
Тренері Ержан Бағдатовтың берген дәрісі аса пайдалы болғанын атап өтті.
Қызықтың бәрінен қалып қойдым ба деп ойласың. Сол кезде мен үшін оңай болмады. Толығымен бір күн ұстай алмадым. Кешке қарай сағат алты шамасында қосқым келіп кетті. Өзімді тежей алмадым. Бірақ смартфонымды қосқан кезде айтарлықтай ешқандай жаңалық болған жоқ. Ештеңеден құр қалған жоқпын. Дегенмен, сол сезімнің өзі маған үлкен ой салды, - деген ойымен бөлісті чемпионаттың ойыншысы.
Астаналық оқушы бір жылдан кейін мектепті тәмамдайды. Болашақта IT технология мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түсуді жоспарлап отыр. Сол үшін информатика пәнін аса ыждаһаттылықпен оқуда.
Негізі ойын сондай күрделі болған жоқ. Сайыстағы қарсылас топтың ойыншылары мықтырақ болды. Өйткені, осы тренингте өткен материалдарды, терминдерді бізден жақсырақ білетін болып шықты. Логикалық сұрақтар бізді жедел әрі ұтқыр ойлауға бейімдейді. Мәселен, бізге мынадай сауал қойды: "Америкада осы үшін адамдар 1 мың доллардан, ал Жапонияда 880 мың доллар көлемінде ақша жұмсайды екен. Ол не?" деп сұрады. Біздің топ ойлана келе, мүмкін ол интернет-трафик шығар деп жауап бердік. Сөйтсе, ол информация болып шықты. Яғни, олар ақпарат көзіне мың доллардан астам қаржы жұмсайды екен, - дейді Камила.
Ол мотиваторлардың ішіне Тони Роббинсті сүйіп оқиды екен. Оның жазғанын, әңгімелерін оқи отырып әрбір сөзінің адамдарға өте қатты әсер ететінін байқағанын айтты.
Егер Қазақстанға Энтони Роббинс келсе, ойланбастан ол өткізетін семинарға баратын едім. Сұрақ қояр едім ол "президенттерге мотивация, шабыт берудегі мақсаты не? Адамдардың жағдайын жақсартқысы келе ме, әлде өзі көтерілгісі келе ме?" деген сияқты. Ол қалай белгілі тұлғаларға өзінің септігін тигізіп жатыр. Демек, ол өзі президент сияқты ойлайды, - деген пікірін білдірді.