Елордалық кардиохирург шығысқазақстандық мамандарға шеберлік сағатын өткізді
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елордадан арнайы келген кардиохирург маман өскемендік дәрігерлерге науқастың туабітті жүрек ақауын кетіру бойынша шеберлік сағатын өткізді.
«Біз бүгін Өскемен қаласындағы кардиохирургтерға туа бітті жүрек ақауы бар ересек пациентке торакоскопиялық қолдау арқылы миниинвазивті ота жасау бойынша шеберлік сағатын өткіздік. Нұр-Сұлтан қаласындағы біздің орталықта мұндай оталардың жасалып келе жатқанына бес жыл болды. Бүгінгі таңда онда 200-ден астам осындай ота жасалды. Бұл отаның бір ерекшелігі жүрекке жасалатын классикалық кесу, яғни кеуде сүйекті түгел кесу арқылы жасалатын отадан бөлектігі кішкене ғана тілік түсіру арқылы жасалуында. Бүгінгі пациентіміздің оң жақ кеудесіндегі сүт безінің астыңғы жағынан екі сантиметрлік кішкентай тілік тіліп, камералар арқылы ота жасадық», - деді Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кардиохирургия орталығы бірінші хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұрадым Мұрзағалиев.
Жүрекаралық қалқаншасында ақау анықталған пациенттің жанына жаңа тәсіл арқылы араша түскен дәрігер бұдан былай мұндай әдістің жергілікті мамандарға қолжетімді болғанын алға тартты.
«Жалпы бұл дерт бала кезде көп біліне бермеуі мүмкін. Есейе келе адамда ауа жетпеу сияқты ауру белгілері пайда болуы ықтимал. Бүгін ота үстеліне жатқан пациентте осындай белгілер соңғы кездері көрініс берген екен. Терапевт маманның белгілеген емдеу әдісі көмектеспеген соң ол кардиологқа жүгінген. Кардиолог ультра-дыбыстық зерттеу арқылы оның жүрегінде шуыл барын анықтайды. Ауыл тұрғыны болып келетін пациент бұған дейін дәрігер көмегіне жүгінбеген екен», - деп қосты елордадан арнайы келген маман.
Оның айтуынша, мұндай жүрек ақауын емдеудің ашық және жабық жолдары бар көрінеді. Жабық түрі – эндоваскулярлық, яғни аяқтағы қантамыры арқылы шунт жіберіп жүректегі ақауды кетіру. Алайда мұндай ота үшін белгілі бір жайлы жағдайлар болуы керек. Эндовасклярлы әдіс арқылы жүрекаралық қалқаншадағы тесік медициналық зонтпен жабылады.
«Біздің жағдайымызда бұл мүмкін болмады. Қалқаншадағы тесік өте үлкен болғандықтан ашық, яғни тілік жасау арқылы ота жасауға тура келді. Ашық отаның өзі де бірнеше түрге бөлінеді. Классикалық әдіспен кеуде сүйекті толық ашып жасауға да болады. Алайд мұндай жағдайда отадан кейінгі кезең өте ауыр өтіп, пациенттің ауырсынуы көп болуы мүмкін. Ал бүгінгі біз жасаған әдістен соң пациенттің қалыпты өмірге қайтып оралуы екі-үш күнді ғана құрайды. Яғни пациенттің қимыл-қозғалысына ешқандай шектеулер қойылмайды, ауырсыну деңгейі мардымсыз болады, сондай-ақ емделуге кететін шығын да аз соманы құрайды», - деді Мұрадым Оралбайұлы.
Бұдан былай жүрек ақауына ота жасаудың заманауи әдісі шығысқазақстандық мамандарға да қолжетімді болды. Маманның айтуынша, бұл өз кезегінде Шығыс өңірінің жергілікті тұрғындарына ғана көмектесіп қоймай, сондай-ақ аймақтағы медициналық туризмді дамытуға септігін тигізетін көрінеді.
«Шығысқазақстандық мамандар бұл отаны жасамас бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы және Германияның алдыңғы қатарлы медициналық ұйымдарында шеберліктерін шыңдағаны белгілі. Адамның маңызды ағзасына ота жасау үшін кардиохирургтер белгілі бір деңгейдігі дайындық кезеңдерінен өтті», - деп қосты кардиохирург.