Елордалық еріктілер ШҚО-дағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тамыз айынанан бастап «Birgemiz: Asyl Mura" жалпыұлттық жобасының волонтерлері Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданы аумағындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне археологиялық зерттеу бойынша жұмыстарға белсенді қатысуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Берел" қорық-музейі "Қазақ Алтайындағы сақ дәуірінің көрнекті ескерткіштері" атты жоба аясында Таутекелі қорымында қазба жұмыстарын бастаған.
Бұл жерде 150-ден астам қорғандар бар. Ерекшелігі – әр дәуірдің қорғандары шоғырланған. Пазырық мәдениетінің бастау алған кезеңінен бастап, ХІХ ғасырлардағы қазақ зираттарымен араласып жатыр. Музей қызметкері, экспедиция жетекшісі Айдос Ерболатұлының айтуынша, бұл жерді 1959 жылы Ленинградтан ғалым С.Сорокин келіп зерттеген екен.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан мен Семей қалаларынан құралған еріктілер Берел қорық-музейі зерттеп жатқан Таутекелі қорымында қазба жұмыстарына қатысуда. Тамыз айының 10 жұлдызында еріктілердің тағы бір тобын жіберу жоспарланып отыр. Осы арқылы біз археологияға қызығушылық танытатын жастардың армандарын жүзеге асырып жатырыз деп ойлаймын. Сондай-ақ олар туған өлкеміздің тарихи-мәдини мұрасын дамытуға үлес қосуда, - дейді "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы РҚБ төрайымы Динара Садвакасова.
Камила Әкімжан да "Birgemiz: Asyl Mura" жобасына қатысушылардың еріктілердің бірі.
Бір апта бойы Шығыс Қазақстандағы қазба жұмыстарына қатыстық. Онда тәжірибелі және талантты археологтар қызметімен егжей-тегжейлі таныстық. Тарихи ескерткіштерді қолмен ұстауға мүмкіндік алдық. Командамыз өте тату болды, жақсы адамдармен танысқаныма қуаныштымын. Жұмысқа шабыт берген осы аймақтың сұлулығын ерекше атап өткім келеді, - дейді Әкімжан.
Ұйымдастырушылар археологиялық қазба жұмыстары кезінде барлық санитария нормалары: қорғаныс маскалары мен қолғаптардың болуы, гигиена және әлеуметтік қашықтық сақталатынын атап өтті.