Елордалық электробустардың ескілерден қандай ерекшелігі бар?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әкімдікте өткен брифингте «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өкілі Роман Кривопаленко жаңадан алынатын Yutong маркалы электробустардың техникалық сипаттамалары мен артықшылықтары туралы айтты.
Электр тартылыстағы автобустарды пайдалану әлемнің дамыған елдерінде аса танымал. Бүгінгі таңда олар Ресейде, Данияда, Норвегияда, Финляндияда, Ұлыбританияда, Германияда, Францияда, Швейцарияда, сондай-ақ Қытайда және Белоруссияда қолданылады.
«Мұндай автобустардың батареясына 8-10 жылға дейін кепілдік бар. Yutong автобустары экологиялығымен, маневрлігімен, жолаушылар үшін жайлылығымен ерекшеленеді, сондай-ақ барлық халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай. 12 метрлік автобустар төмен еденді болып келеді және 350 км жол қоры бар литий-темір-полимерлі батареямен жабдықталған. Батареяның қызмет ету мерзімі 10 жылды құрайды. Батареяға кепілдік – 8 жыл, электрқозғалтқышқа – 5 жыл», - деді ол.
«Жеткізушіні таңдау кезінде электробустардың әлемдік нарығына талдау жүргізілді. Мысалы, франциялық 12 метрлі Heuliez Bus GX 337 Electric электробусының ең төменгі құны 460 000 еуродан немесе неміс MAN Lion's City E – 580 000 еуродан, неміс Mercedes eCitaro – 510 000 еуродан басталады. Сонымен қатар, электробус батареяларының түрі мен көлемі бойынша айырмашылығы бар екенін, бұл олардың құнына тікелей әсер ететінін назарға алған жөн», - деді ол.
Жаңа автобустардың салонында 9 жылытқыш құрылғы орнатылған. Осы жылдың ақпан айында -30 градустан жоғары температурада электр автобустарды жауапты мамандар сынап көрген.
«Электробусты жайлы пайдалану үшін электробусты жақсартылған жинақталым түрінде қосымша жабдықтау белгіленді, бұл соңында оның құнына әсер етті. Базалық жиынтыққа мынадай қажетті жүйелер мен компоненттердің тізімі қосылды: жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі, диспетчерлендіру, бейнебақылау, ақпараттандыру жүйелері, қысқы жиынтық (қосарлы әйнек, жылы еден, 9 жылытқыштан тұратын салонды жылыту жүйесі), жылыту және батареяларға арналған жылыту жүйесі, аккумуляторларды төмен температурада басқарудың зияткерлік жүйесі және т. б.», - деді Кривопаленко.
Сонымен қатар, электробустың қауіпсіздігін жақсарту мақсатында апаттың алдын алу жүйесі қарастырылған. Бұл автобустың кедергілерге жақындағаны туралы сигнал беретін қосалқы қауіпсіздік жүйесі екен.
Жыл соңына дейін 100 автобустың елуі елордаға әкелінеді. Әзірге жаңа автобустардың қандай бағытта жүретіні белгісіз. 1,5 айдай уақыттан кейін арнайы статистикалық тексеруден соң анықталады. Сондай-ақ, жаңа автобустар жолақысына әсер етпейді.
Айта кетсек, «Астана LRT» ЖШС Нұр-Сұлтанға құны 147 млн теңгеге жуық 100 электр автобус алды.