Елордалық 103 отбасы Екібастұзға қоныс аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласынан 103 отбасы Екібастұзға қоныс аударды. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша көзделген іс-шараларға 88 мың адам қамтылған. Осы бағытта еңбек нарығы толық өңірлерден еңбек тапшылығы бар солтүстік өңірлерге азаматтарды қоныстандыру қарастырылған. Министрдің бірінші орынбасары биыл жоспар бойынша 2253 отбасы немесе 10 мың адам қоныс аударуы тиіс екенін айтты. Бүгінде 1050 отбасы немесе 4 мың адам қоныс аударды, оның ішінде 2000 дам жұмысқа тұрды. 

«Биыл бағдарламаға қатысатын өңірлер қатарына Нұр-Сұлтан қаласы қосылды. «Еңбек» бағдарламасы аясында Павлодар облысында «Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 103 көпбалалы отбасы немесе шамамен 600 адам қоныс аударды. Барлығы баспанамен, ал балалар мектеппен, балабақшамен қамтылды. Еңбекке қабілетті азаматтардың 80%-ы жұмысқа тұрды», - деді Жылқыбаев. 

Бірінші вице-министр бағдарлама тиімділігін көрсеткенін, сол себепті жыл соңына дейін елордадан тағы 200 астам отбасыны Екібастұзға көшіру жоспарланып отырғанын атап өтіп, мемлекет қоныс аударушыларға қандай көмек көрсететінін айты. 

«Көшіп келген әрбір отбасы мүшесіне 88 мың теңге көлемінде біржолғы төлем; баспана жалдауға, коммуналдық төлем төлеуге бір жыл бойы ай сайын әр отбасына 30 АЕК көлемінде немесе 77 мың теңге қарастырылған. Осы бағдарламада белсенділік танытатын жұмы берушілерге субсидияберу көзделген», - деп айтты ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі.

Бұған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев жарты жылда 186 мың жұмыс орны ашылғанын, сонымен қатар қысқамерзімді кәсіптік оқытуға қатысатындардың стипендиясы көбейетінін айтты. Сонымен қатар, жыл басынан бері кәсіпкер жастарға 1000 микрокредит берілді. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы