Елордаға ірі көлемде есірткі тасыған пойыз жолсерігіне сот үкімі шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың көлік полициясы аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған жолсерікті ұстады, деп хабарлады Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі.
"9 наурыз күні сағат 6:10-да Көлік полициясы департаментінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының теміржол вокзалында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында "Қызылорда-Көкшетау" бағытындағы пойыз жолсерігі - Қызылорда облысының 43 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу соты санкциялаған жеке тінту барысында аса ірі көлемде есірткі тасымалдағаны үшін алған 80 000 теңге қаражат табылды. Сәл кейін күдікті сөмкені күтіп алатын адамды іздестіру шараларының нәтижесінде, 1982 жылы туған ер адам ұсталды. Оның жеке заттарынан сараптамаға сәйкес, 3742 грамм кептірілген марихуана есірткілік заты табылды", - делінген департамент хабарламасында.
Аса ірі көлемде есірткі затын табу фактісі бойынша екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары сол күні басталды. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы, 4-бөлігі және 297-бабы, 2-бөлігі бойынша айып тағылды. Тергеу аясында 43 жастағы ер адамның қызметтік өкілеттігін пайдаланып, Қызылорда облысынан елордаға бірнеше рет есірткі заттарын тасығаны анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК 296-бабы, 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық істің екінші фигуранты ҚР ҚК 296-бабы, 4-бөлігі бойынша 3 жылға абақтыға қамалды.