Елордаға әкелінген импорттық тауарлардың 91%-ы таңбалау қағидаларына сай емес
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы елордалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Ведомство өнімнің қауіпсіздігін бақылау нәтижелерін жариялап, тұрақты негізде өнімнің ЕАЭО талаптарының сәйкестігіне жүргізіліп жатқан бақылаулармен бөлісті. Тауар сөрелеріндегі қауіпті бағалау үшін астаналық санитарлық дәрігерлер тамақ және азық-түлік емес өнімдерге: макарон, кондитерлік өнімдер, парфюмерлік-косметикалық өнімдер, тұрмыстық химия тауарлары және т. б. мониторинг жүргізді.
Осылайша, ағымдағы жылдың екі айында өнім қауіпсіздігі мониторингінің нәтижелері бойынша тамақ және азық-түлік емес өнімдердің 354 сынамасы, оның ішінде импорттық өндірістің – 310, отандық өнімнің-44 сынамасы зерттелді. Оның ішінде 16% немесе 56 сынама ЕАЭО техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмеді, бұл импорттық өндіріс өнімдерінің – 91%-ы, ал 9%-ы – отандық өнімдер .
Оның ішінде, сәйкессіздіктің 73% таңбалау бойынша анықталды, оның ішінде азық-түлік (ұн-макарон, жарма, кондитерлік өнімдер, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу өнімдері, алкогольсіз сусындар) өнімдерімен қоса, тағам емес (парфюмерлік-косметикалық өнімдер, тұрмыстық химия тауарлары, ойыншықтар, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдер) өнімдер де бар. Бұл ретте өнімнің таңбалануында дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, өндіруші немесе импорттаушының аты-жөні, оның орналасқан жері, өндірушінің тауарлық белгісі, пайдалану шектеулері және т.б. көрсетілмеген.
Айта кетейік, жыл сайын ЕАЭО талаптары бойынша негізгі бұзушылықтардың бірі өндірушілердің таңбалау қағидаларын 30-дан 70%-ға дейін бұзуы болып табылады. Бұл таңбалауда өнімнің дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және т. б. туралы ақпараттың болмауы.
Осыған байланысты, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушыларды өнімді таңдауда мұқият болуға – жапсырмадағы таңбалауды зерттеп қарауға шақырады. Дайындаушы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі және басқа да деректер туралы ақпарат жоқ таңбалау бұзылған өнімдер жиі жалған болып табылады және мұндай өнімдер сіздің, туған-туыстарыңыздың және сізге жақын адамдардың денсаулығы үшін қауіпті екендігін ескертеді.
Өнімнің сыртқы түрі немесе таңбалануы бойынша сәйкессіздігі, сауда желілерінде тасымалдау немесе сақтау шарттарының бұзылуы анықталған, өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттар болмаған жағдайда, белгіленген тәртіппен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарласу қажет.