Елордадан Қостанайға тағы да 40 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

«Қостанай, Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысының тұрғындарына 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ Elorda.info сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, Қостанай облысындағы алапат өрт салдарынан көптеген отбасы қиын жағдайға тап болды. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық акциясына бастамашы болды. Оған елорданың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы, сондай-ақ Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебі түлектерінің қауымдастығы, «Alumni of Nazarbayev University School of business» КЕҰ, меценаттар, бизнесмендер және қала тұрғындары белсенді түрде атсалысты.

Елордадағы Достық үйінен Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуық азық-түлік, төсек-орын жабдықтары және бірінші кезекте қажетті заттары бар 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді.

Қостанай облысында болған қайғылы жағдай әрқайсымыздың қабырғамызды қайыстырды. Өрттен зардап шеккендерге көмектесіп, оларға қолдау көрсету – біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Қазақстандықтар қолдарынан келгенше, керек заттарын алып келді. Олардың қатарында ұн, қант, макарон өнімдері, күріш, күнбағыс майы, ауыз су, матрастар, жастықтар, сондай-ақ сатып алынған балалар заттарын: күртешелер, жаялықтар мен аяқ киімдері бар. Негізінен қаладан 8 тонна жүк тиелген алғашқы көмек жексенбі күні кетсе, енді бүгін тағы да 40 тонна жүк тиеп жібергелі отырмыз. Айта кетейік, бұл – санаулы күннің ішінде жиналған ауқымды көлемдегі гуманитарлық көмек. Алдағы уақытта тағы да қажетті заттарды жинап жатқан азаматтар бар. Дәл қазіргі таңда халыққа ақшалай көмектің қажет екенін айтып, оны тиісті қорға аударуды өтініп жатырмыз. Қостанайлықтарға ең негізгі қажетті заттардың қатарында құрылыс материалдары бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бұл – халықтың, елдің бірлігі. Соның нәтижесінде өрттен зардап шеккен азаматтарға осындай ауқымды көмек жиналып отыр, - деп атап өтті қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.

Гуманитарлық көмек тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін, қираған үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталып отыр.

ҚХА халықтың басына күн туғанда, қарап отыра алмады.  Елордалық ҚХА әкімдік қызметкерлерімен, Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, Қостанайға көмек көрсетіп жатыр. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қол ұшын созатын болсақ, бұл жағдайды оңай еңсереміз. ҚХА еліміздегі ауызбіршілікті, татулықтың бар екенін көрсетіп отыр», - деп атап өтті ҚХА мүшесі, «Дустлик» ҚР өзбектер қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов.

Айта кетейік, биыл Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл басынан бері 22 қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, оның көмегімен жалпы сомасы 24 млн теңгеге 1000-нан астам жанға көмектесті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оңалхан Өнерхан
Өзгелердің жаңалығы