Елордадағы жәрмеңкеде Шығыс Қазақстан және Абай облыстары өз өнімдерін ұсынады
1 және 2 қазанда елордада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы Астанада Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлады BAQ.KZ.
Екі облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары елорда тұрғындары мен қонақтарына жоғары сапалы экологиялық таза өнімдер ұсынатын болады. Өнім ассортименті жалпы көлемі 282 тоннаны құрайтын 70-тен астам атауды құрайды.
Оның ішінде: 91 тонна картоп пен көкөніс, 59,9 тонна бал, 48,8 тонна ет, 17 тонна күнбағыс майы, 13 тонна бақша дақылдары, 8 тонна сүт өнімдері, 7,5 тонна балық өнімдері, 5 тонна құс еті, 5 тоннадан астам қымыз және панты өнімдері, 4 тонна ұлттық тағамдар және 3 тонна шұжық өнімдері.
Барлық өнімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді және сатушыларда өнімдердің шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болады.
Сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама дайындалды.
Еске сала кетейік, аталған жәрмеңке ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға делдалсыз сатуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде олардың өнімдерінің бағасы нарықтық бағадан 10-20% - ға төмен болады.