Елордадағы тұрғын үй кешенінде өрт шықты: 14 адам құтқарылды
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер бірден жалынды ауыздықтап, ғимарат ішіндегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына кіріскен. Өрт кезінде 110 адам өздігінен эвакуацияланған.
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған өрт кезінде құтқарушылар 14 тұрғынды, оның ішінде бес баланы қауіпсіз жерге алып шықты. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Оқиға елорданың Сарайшық ауданындағы А-91 көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, пәтерлердің бірінде жиһаз бен тұрмыстық заттар өртеніп, жалын шамамен 10 шаршы метр аумақты шарпыған.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер бірден жалынды ауыздықтап, ғимарат ішіндегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына кіріскен. Өрт кезінде 110 адам өздігінен эвакуацияланған.
Құтқару жұмыстары барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары арнайы құтқару қалпақтарын пайдаланып, 14 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Олардың арасында бес бала бар.
Мамандардың жедел әрекетінің арқасында өрт толықтай сөндіріліп, оның одан әрі таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертіп, электр құрылғылары мен тұрмыстық техникаларды пайдалану кезінде сақ болуға шақырды.