Елордадағы СОО, мейрамханалардың жұмысы ерекше бақылауда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен ТЖ алдын алу және болдырмау жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелер: коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар, шағын және орта бизнес субъектілерінің, сондай-ақ демалыс және мереке күндері елорда тұрғындары арасында карантин шараларын сақтау бойынша мобильді топтардың жұмысы. 

Нұр-Сұлтан қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева атап өткендей, қалада әлі күнге дейін КВИ жұқтыру қаупі сақталып отыр. Мәселен, өткен тәулікте елордада науқастардың саны артты: ПТР-тест нәтижесі бойынша ауру қаланың 106 тұрғынынан анықталған. 

Бүгінде кәсіпкерлік субъектілері бойынша рейдтер апта сайын жүргізіледі, мониторингтік топ бірқатар бұзушылықтарды анықтайды. 

КВИ-дің одан әрі таралу қаупі жоғарылауына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары бірқатар шара қабылдауды тапсырды. Бірінші кезекте мобильді топтардың жұмысы күшейтіледі. 

Дәмханалар, мейрамханалар және басқа да ойын-сауық орындары алдағы мерекелерге байланысты режимді бұзбауы керек. Бұл мәселе ерекше бақылауда болады. Тұрғындарға демалыс күндерін отбасылық ортада өткізуге кеңес беріледі, өйткені COVID-19 жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Карантин режимін бұзу фактілері анықталған жағдайда кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ойын-сауық мекемелерінде жиі кездеседі. Осы объектілерді жабу бойынша шаралар қабылданатын болады, - деп атап өтілді.
Естеріңізге сала кетейік, маска тағу, санитайзерлерді пайдалану және қашықтықты сақтау келушілер үшін де, мекеме басшылығы үшін де маңызды. Талаптарды орындамағаны үшін кәсіпкерлерге де, клиенттерге де айыппұл салынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы