Елордадағы ковидтік стационарлардың 41%-ы толық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басышсы Тимур Мұратов мәлімдеді.
Бүгінде стационарлардың төсек-орын қуаттылығы 634 төсек-орынды құрайды, оның ішінде 75-і – реанимациялық төсек-орын. Қазіргі уақытта коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін 7 инфекциялық стационар жұмылдырылған. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда 260 науқас жатыр. 238 адамнан коронавирус анықталса, 22 пациент пневмониядан емделуде. Осылайша, жүктеме 41%-ды құрап отыр. 17 пациент жансақтау бөлімінде, 2 адам өкпені жасанды желдету аппаратында ем қабылдап жатыр, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, ем алып жатқан пациенттердің арасында 153 адам КВИ-ға қарсы екпе алмаған, ал бұрын вакцинацияланғандар саны – 107.
Пандемия басталғаннан бері қаламызда 3,3 млн-нан астам коронавирус инфекциясының ПТР диагностикасы жүргізілген. Өткен тәулік ішінде 586 жаңа жағдай анықталды. Соңғы 3 аптада орташа есеппен тәулігіне 150-ге жуық жағдай тіркеліп, 20 адам ауруханаға жатқызылады, - деді Тимур Мұратов.
Еске сала кетейік, бұған дейін елорданың бас санитар дәрігері астана «сары» аймаққа өтсе, қандай шектеулер енгізілуі мүмкін екендігін айтқан болатын.