Елордадағы эпидемиологиялық ахуал қандай?
Астана қаласында инфекциялық ауруларға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп отыр.
Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева түсіндіріп берді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында бірқатар жұқпалы аурулар бойынша көрсеткіштер тіркелген. Департамент мамандарының айтуынша, бұл статистика тұрғындардың денсаулығын қорғау шараларын уақытылы қабылдау қажеттігін айқындайды.
Қызылша жағдайы
Жеті айдың қорытындысы бойынша Астанада 620 жағдай қызылша анықталған. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 40,5-ті құрайды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде аурушаңдық 108,2 болған еді, яғни 2,8 есеге төмендеу байқалып отыр.
Алайда көрсеткіштің басым бөлігі балалар арасында тіркелуде. Қалада қызылшамен ауырғандардың 86 пайызы (534 жағдай) – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл топта аурушаңдық деңгейі 100 мың балаға шаққанда 111,4 болып отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, басты себептердің бірі – ата-аналардың балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы екпе жасатудан бас тартуы. Бұл жағдай ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне, яғни аурудың кең таралуына алып келуде.
14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшамен ауыру 534 жағдайды немесе 86 пайызды құрап отыр, бұл 100 мың балаға шаққанда 111,4 көрсеткішке тең. Ерекше атап өтерлігі – қызылшаға шалдығу көбінесе балаларына жоспарлы профилактикалық екпе жасатудан бас тартқан ата-аналардың арасында жиі тіркеледі, - деп атап өтті ведомство басшысы.
СЭБД өкілдері тұрғындарды вакцинацияға бейжай қарамауға шақырып отыр.
Екпе – қауіпті инфекциялардан қорғаудың ең тиімді әрі жалғыз жолы. Баланы уақытылы иммундау оның өз денсаулығын ғана емес, қоғамдағы басқа балалар мен ересектердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді, – дейді мамандар.
Вирустық менингит: маусымдық өсім
2025 жылдың жеті айында қалада 203 жағдай вирустық менингит тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге көп (2024 жылы – 114 жағдай). Яғни аурушаңдық 43 пайызға артқан.
Зертханалық деректер вирустық менингиттің басым бөлігін энтеровирустар қоздыратынын көрсетіп отыр. Әдетте бұл ауру жаз айларында жиі тарайды, себебі энтеровирустар лас қол арқылы, тұрмыстық заттардан немесе дұрыс тазаланбаған судан жұғады.
Жағдайлардың 70 пайызы (143 науқас) – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Бұл ретте дәрігерлер ата-аналарға балаларының жеке гигиенасын қадағалауға, қоғамдық су айдындарында сақ болуға және аурудың алғашқы белгілері байқалғанда жедел түрде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Вирустық гепатит А: төмендеу байқалады
Биылғы жылдың жеті айында Астанада 103 жағдай вирустық гепатит А тіркелген. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 6,7-ні құрайды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 1,6 есеге төмендеп, 38 пайызға қысқарған.
Гепатит А көбінесе «лас қол ауруы» ретінде белгілі. Аурудың алдын алу үшін тұрғындарға:
- жеке гигиена ережелерін сақтау;
- сапалы ауызсу пайдалану;
- тағам өнімдерін дұрыс өңдеу;
- балаларды уақытылы вакцинациялау ұсынылады.
Сарапшылар не дейді?
Эпидемиологтар қазіргі жағдайды салыстырмалы түрде тұрақты деп бағалайды, дегенмен маусымдық факторлар мен вакцинациядан бас тарту тенденциясы эпидемиологиялық қауіп-қатерді арттыра түсуде.
Астана қаласының СЭБД басшылығы тұрғындарды алдын алу шараларын сақтауға шақырып отыр:
- Қызылша бойынша – міндетті вакцинациядан бас тартпау;
- Менингит кезінде – балалардың қол жуу әдетін қадағалау, қоғамдық орындарда жеке гигиенаны сақтау;
- Гепатит А жағдайында – қауіпсіз ауызсу мен санитарлық нормаларды ұстану.
Мамандардың айтуынша, қоғамдық денсаулықты қорғау тек дәрігерлердің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты.