Елордадағы Ботаникалық бақта «Түлектер аллеясы» ашылды

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл апта «Киелі мекен» ұранымен өтіп, тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыруға арналған. Акция аясында Ботаникалық бақта «Түлектер аллеясы» ашылды.

Осыған орай Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушылары ағаштар отырғызды.

«Қаланы көгалдандыру өте маңызды іс-шара деп есептеймін. Мұндай акцияларға жиі қатысып тұрамын. Саябақ маңы жылдан-жылға көркейіп келеді. Астаналықтар жиі келетін әдемі орынға айналуда. Біз оны әрі қарай күтіп ұстауымыз қажет», - деді 11-сынып оқушысы Нұрай Кеңес.
Экоакцияға оқушылардан бөлек, ұстаздар мен ата-аналар да атсалысып жүр.

Мұндағы мақсат – мектеп түлектерінің бойында экомәдениеттілікті қалыптастыру. Бүгін – тарихи күн. Өйткені қаладағы Ботаникалық саябақта алғаш рет 2023-2024 жылғы «Түлектер аллеясы» ашылды. 30 шақты алма ағашын отырғыздық. Әлемдегі дамыған елдердің 80 пайызы ағаштармен безендірілген. Бұл қаланың көркеюіне, әсемденуіне, ары қарай дамуына үлес қосуда. Таза қоршаған орта, таза ауа – біздің болашақтың дені сау, тәні сау, санасы таза ұрпақтың қалыптасуына және өсуіне әсер ететін фактор. Сол үшін бұл акцияны жалғастыру керек деп ойлаймын, - деді Кәрім Мыңбаев атындағы 59 мектеп-лицейінің 11 сынып жетекшісі Нұрбек Ерікұлы.

Айта кетейік, Астанада ауқымды экоакция өтіп жатыр. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Осы апта «Киелі мекен» деген атаумен өтіп жатыр.

Ал «Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға арналады.

4 мамырға дейінгі кезең – «Өнегелі ұрпақ», ол ардагерлер тұратын аулаларды және қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

Соңғы, бесінші аптада «Мөлдір бұлақ» деп аталатын су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы