Елордадағы «Астана-1» вокзалы ашылар алдында қолжетімділік талаптарына тексерілді
Тексерудің мақсаты — вокзал жолаушыларды қабылдағанға дейін қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергілерді анықтау.
Қайта жаңғыртылған «Астана-1» теміржол вокзалы іске қосылар алдында сарапшылар нысанды тексеріп, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Тексеруге қала әкімдігінің, Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің, «Қазақстан темір жолы» компаниясының, мердігер ұйымның өкілдері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі және «Вездеходы» командасы қатысты.
Мамандар ғимаратқа апаратын жолдарды, кіреберісті, ішкі қозғалыс бағыттарын, санитарлық тораптарды, перронға шығатын жолдарды, демалыс бөлмелерін, қабылдау аймағы мен кассаларды тексерді.
Сонымен қатар есіктердің қаншалықты ыңғайлы ашылатыны және адамдардың бүкіл бағытты өздігінен әрі қауіпсіз жүріп өте алатыны бағаланды.
Тексеруге қатысушылардың айтуынша, мұндай тәсіл тапсырыс беруші мен мердігерге вокзал ашылғанға дейін қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.
Еңбек министрлігі Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілгенін еске салды. Құжатқа сәйкес, комитет мүгедектігі бар адамдар мен қозғалысы шектеулі өзге де азаматтар үшін нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысады.
2026 жылдың тоғыз айында комитетке 562 өтініш түскен. Оның ішінде 147 декларация келісілген, бұл жалпы өтініштердің 26%-ын құрайды. Ал 259 өтініш бойынша, яғни 46%-ында келісуден бас тартылған. Қалған өтініштер қаралу үстінде.