Елордадағы ашық аспан астындағы музей жазғы маусымға ашылды

Бүгін Астанадағы ашық аспан астындағы музей жазғы маусымға ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Elorda.info-ға сілтеме жасап.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені макеттер арқылы Астана, Алматы, Шымкент секілді республикалық маңызы бар қалалар мен ел аймақтарын алақанға қондырғандай етіп көрсетеді. Жиырма жылдан астам тарихы бар мәдени орыннан еліміздегі көрнекті ғимараттар мен өңірлердің табиғатын тамашалауға болады.

Кешен Маңғыстау өңірінен басталып,. Қызылорда облысымен аяқталады. Еліміздегі 17 облыс, 3 қала және 49 көлді тамашалауға шамамен 1 сағаттай уақыт кетеді.

Бүгін «Жанұя» отбасы институын қолдау орталығынан «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориальды кешеніне экскурсияға 100-ден аса көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар және мүгедектігі бар балалар мен ата-аналар келді. Олар еліміздің сәулет өнерімен, тарихи және мәдени ескерткіштер танысып жатыр, - деді «Астана қаласының Бірлескен мұражайлар басшысының міндетін атқарушы Самат Тергембаев.

Мұнда экскурсоводтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді.

Мұнда екі баламмен келдім. Экскурсоводтар әр өңір туралы қызықты әрі пайдалы ақпараттарды айтты. Маған мұнда, әсіресе, Астана, Алматы қалаларының және Маңғыстау өңірінің макеттері ұнады. Жұртшылық назарына ұсынылған жәдігерлер өте жақсы жасалған. Бұл мекенге мен бүгін бірінші рет келіп тұрмын. Бүгін Атырау, Ақтау макеттерін көрген соң сол өңірлерге барғым келіп кетті. Алдағы уақытта отбасымызбен бірге баратын боламыз, - деді елордалық көпбалалы ата-ана Сұлушаш Тұрлан.

Мемориалдық кешен күн сайын таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал әр аптаның дүйсенбі күні демалыс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оңалхан Өнерхан
Өзгелердің жаңалығы