Елордадағы 18 апатты үйдің тұрғындары көшіріледі

Елордада апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуды көздейтін тұрғын үй қорын жаңарту жобасын іске асыру жалғасуда. Тек соңғы төрт жылда осындай 38 үйдің тұрғындары жаңа абаттандырылған тұрғын үйлерге көшірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жобаның іске асырылу барысы туралы қаланың Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бұзу бөлімінің басшысы Төлеген Ахметов онлайн-брифингте айтып берді.

Бірінші кезең 2013-2017 жылдар аралығында өтті, оның барысында 228 апатты үй бұзылып, 3400-ден астам отбасы жаңа абаттандырылған тұрғын үй алды. 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген екінші кезеңді іске асыру шеңберінде 56 апатты үйдің тұрғындарын 1082 пәтерге көшіру жоспарланған, - деді спикер. 

Мәселен, 2018 жылы 86 пәтер, 2019 жылы – 197 пәтер, 2020 жылы – 209 пәтер, 2021 жылы – 257 пәтер тұрғындарын көшіру жүзеге асырылды.

Апатты үйлердің тұрғындары Абылайхан даңғылы мен Қарасай батыр көшесі бойындағы аз қабатты тұрғын үй кешеніне көшірілді. Қазіргі уақытта оларды физикалық бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018-2021 жылдары барлығы 749 пәтерлік 38 үйдің тұрғындары қоныс аударды. 

2022 жылға 333 пәтерлік 18 апатты үйді көшіру жоспарланған.

Қала аудандары әкімдерінің аппараттарымен бірлесіп бұзу жоспары – үшінші кезең – 2023-2027 жылдарға арналған. 903 пәтерге 59 үй қосылды, - деді Төлеген Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін тұрғын үй кешендерін жөндеу, лифттерді ауыстыру, жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй салу, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы