Елордадағы 1200 оқушыға арналған мектепте 4100 жас жеткіншек оқып жатыр – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың пленарлы отырысында сенатор Динар Нөкетаева әлеуметтік саладағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

Сенатор  Динар Нөкетаева қаржының қомақты көлемі халықты әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты

Әлеуметтік блоктың шығыстары үш жылдық кезеңде 26,7 трлн теңге болған. Оның ішінде 2022 жылы - 8,1 трлн теңге. 2022 жылы бюджеттің жалпы көлеміне қатысты әлеуметтік шығыстардың үлесі 50,8 %-ға дейін ұлғаяды. Қаржының қомақты көлемі халықты әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған, яғни медицина, білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің жалақысын арттыруға 4,3 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға - 1,1 трлн теңге көзделген, - деді ол.

Сенатор әлеуметтік саладағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. 

Биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы бүгінде қосымша 225 мың оқушы орны қажет және алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір миллионға жетуі мүмкін екеніне тоқталып, 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. Жыл сайын жаңа мектептер салуға бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, мектептерге деген тапшылық азаяр емес, сондықтан көптеген мектепте сыныптар саны әліпби әріптерінің жартысынан асты. Ал Астанамыздың іргесіндегі Қосшы қаласында №2 орта мектепте 1 «ы» сыныбы ашылған. Бұған тағы бір айқын мысал, елордамыздағы 1200 оқушыға арналған №59 мектеп-лицейінде нормативтен үш еседен артық жүктеме орын алып, 4100 жас жеткіншек оқып жатыр. Маңғыстау облысында  15 мемлекеттік жалпы білім беру ұйымы үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Осындай мектеп жеткіліксіз болып жатқанда, 2019 жылы Ақтөбе облысының Шилісай ауылында 1,4 млрд теңгеге салынған 680 орындық мектеп бос тұр. Себебі құрылыс кезеңінде мектепке су құбырын және коммуникацияларды өткізуді ұмытып кеткен. Ал Шилісайдың жүзге тарта оқушысы көрші ауылға барып оқып жүр, - деді Нөкетаева.
Сенатор мектептерді салуға бөлінген қомақты қаражатқа толыққанды қадағалаудың жоқ екенін айтты.
Осы орайда, Үкімет еліміз бойынша мектеп орны санына нақты қажеттілікті талдап, жоспарлауда жүйелілікті сақтап, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермей, бос тұрған мектептерді толтыру және шамадан тыс жүктелуді шешуі тиіс. Бұл өзекті мәселені шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдеріне басымдық беріп, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен мектеп салу үрдісіне кең қолдау көрсетуі қажет деп санаймыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы