Елордада жүздеген алмұрт көшеттері отырғызылды

Елордада жаяу жүргіншілер аллеясының біріне жүздеген алмұрт көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

300 түп алмұрт көшеттерін отырғызуға 20 елдің дипломаттары, спортшылар мен Әкелер одағының өкілдері қатысты. Жасыл желектер «Нұра» ауданындағы Әйтеке би көшесіндегі аллеяны көріктендірді.

Қазақстандық дипломатиялық корпуста 70-тен астам елшілік бар. Олардың барлығы қаламызды көркейту үшін осындай шараларға үнемі үлкен қызығушылықпен, үлкен ықыласпен қатысады. «Жасыл аймақ» апталығы аясында қолдарына күректерін алып, Әйтеке би көшесіндегі аллеяға алмұрт отырғызуға білек сыбана кірісті. Дипломатиялық корпус Есіл өзенінің жағалауын тазарту немесе ағаш отырғызу болсын, мұндай акцияларға қатысуға әрқашан дайын, үнемі қолдау көрсетіп отырады, - деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Нұра ауданының әкімдігі араб, Еуропа мемлекеттерінің елшіліктерінің, Еуропалық Одақ және көршілес елдердің өкілдіктерінің көгалдандыру акциясына қатысуын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып отырғанын атап өтті.

Жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыруға Қазақстан Әкелер одағының мүшелері де атсалысты. Көшеттерді отырғызуға әкелер балаларымен бірге қатысты.

Мен 7 жыл бұрын алғаш рет ағаш отырғызу науқанына қатыстым. Ол кезде Ботаникалық баққа отырғызылған шыбықтар қазір көлеңке беретін үлкен ағаштар болды. Сондықтан мұндай бастамаларды үнемі қолдауға тырысамын. Ұрпақ сабақтастығының үлгісі ретінде бүгінгі шараға әкем және ұлыммен келдім. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны, жерімізді, табиғатымызды аялаудың тамаша практикалық үлгісі болып табылады, - деп өз әсерімен бөлісті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.

Астанадағы ауқымды жасылдандыру науқанын бокстан Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылар, хоккейшілер және ММА жауынгерлерінің тарапынан қолдау тапты.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұра ауданы баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы