Елордада Журналистер аллеясы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада тағы бір аллея ашылды. Қазақстан құрылысшылары одағының шақыртуымен 14 бұқаралық ақпарат құралынан 40-тан астам журналист жиналып, шырша отырғызды.


Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиев құрылысшылар одағының мақсаты – құрылыс саласын дамыту, елімізде тұратын азаматтарды қолжетімді үймен қамтмасыз етуге жәрдемдесу екенін айтты.

«Сіздер, журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ашық түрде ақпарат таратасыздар. Осылайша біздің азаматтарға, құрылысшыларға көмектесесіздер. Кәсіби мерекелеріңізге орай Журналистер аллеясын ашуды жөн санадық. Бұл шара сіздерге арналған! Журналистерге арналған аллея елордада ғана емес, Қазақстан бойынша алғаш рет ашылып отыр. Осы жерде әріптестеріңізбен кездесіп, әңгімелесулеріңізге болады. Барлық құрылысшылар мен құрылыс салушыларды Қазақстан бойынша осындай аллея салуға шақырамын», - дейді ол.


Аллеяда арнайы тапсырыспен жасалған күрке мен орындықтар бар. Талғат Ерғалиев ССК мен БАҚ арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында телеарналар, газеттер, интернет-ресурстар мен радио үшін төрт номинация бойынша құрылыс сыйлығын ұйымдастыратындарын айтты.



«Газеттегі үздік жарияланым», «Үздік телесюжет», «Үздік интернет-жарияланым», «Үздік радио-бағдарлама» номинациялары болады. Бірінші республикалық құрылыс сыйлығы аясында жеңімпаздар марапаттау рәсіміне шақырылады. Сондай-ақ, құрылысшылар одағы Бірінші республикалық құрылыс сыйлығының үздік атауына конкурс өткізеді. Өтінім беру 10 шілдеге дейін жалғасады», - дейді Талғат Ерғалиев.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы