Елордада жүрекке күрделі ота жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың Шұғыл кардиология және кардиохирургия орталығында МӘМС аясында қымбат әрі күрделі оталардың бірі саналатын  аорта қатпарлануы бар жүрекке күрделі қайталама ота жасалды.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады. 

Ота аорта доғасын қайта жаңартудың екінші кезеңін жүргізуге бағытталған. Түзетудің бірінші кезеңі болып саналатын Бенталь де Боно операциясы шамамен екі ай бұрын жасалды. 

 Біз аорта доғасында аорта доғасын протездеу және аорта доғасының барлық бұтақтарын аортаның көтерілген бөлігінің протезіне қосу арқылы қайта жаңарту отасын жасадық. Аорта доғасындағы ота кезінде стандартты жасанды қан айналымынан басқа, миды қорғауды қамтамасыз ету қажет. Жүрек-қантамыр хирургиясында миды қорғау өз алдына бөлек көп компонентті проблема болып табылады. Бұл отаның өзін едәуір қиындатады, неврологиялық және басқа да асқынулардың пайда болу қаупін арттырады. Ота қан жоғалтпай, асқынусыз, сәтті өтті. Науқас екінші күні реанимациядан бөлімшеге ауыстырылды, - деді жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Смоленский.

Айта кетерлігі, егер пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса,  жасалған бұл отаны жасатудың құны 2,5 миллион теңгені құрайды. 

Қазіргі уақытта пациент Ю.К. өзін жақсы сезінеді. 

МӘМС жүйесінің арқасында осындай жоғарытехнологиялық қызметтер маған тегін көрсетілді. Ота өте күрделі болды, өте жақсы жүргізілді. Қазір өз қалпыма  жылдам келудемін, №2 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлеріне қамқорлықтары мен кәсіби біліктіліктері үшін алғыс айтқым келеді, - деп ағынан жарылды емделуші. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы