Елордада жүрегінде ақауы бар 14 жастағы балаға ерекше ота жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ТМД бойынша алғаш рет әлемдегі ең кішкентай кардиостимуляторды орнату отасы елорданың Жүрек орталығында жасалды. 

Тәжірибелі кардиохирургтар туа біткен жүрек ақауы бар 14 жасар балаға ота жасады деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі. 

Баланың 7 жасында қарыншааралық қалқан ақаулары анықталып, оның трикуспидалық қақпақшасын түзеткен, бірақ бұл ота үшінші дәрежелі АВ-блокадаға – жиі кездесетін асқынуларға алып келді. 

 Жүректе мұндай тосқауыл тұрғанда жүрекшелер мен қарыншалар арасында байланыс болмайды. Бұл жүрекшелер мен қарыншалардың бөлек соғуына алып келеді, әйтсе де жүрек синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс. Бұндай жағдай адам үшін өте қауіпті және дереу емдеуді қажет етеді. Солай жасалды да: отадан кейін науқасқа электродтары бар әдеттегі кардиостимулятор (ЭКС) қойылды (имплантацияланды), - дейді Жүрек орталығының мамандары. 

Алайда осы уақыт ішінде бала өсті, яғни имплантацияланған кардиостимулятор мөлшері енді сәйкес келмейді: электрод созыла бастайды. Рентген суретте ол доға тәрізді көрінеді, бірақ қалыпты жағдайда электрод толқынды болуы керек деп түсіндіреді мамандар. Электродтың жарылу қаупі артады, содан кейін жүрек жұмысына қайта тосқауыл болады. 

Біз ескі кардиостимуляторлық жүйені алып тастау керек деп шештік, себебі ол науқасқа енді жарамайды. Осыдан кейін біз жаңа Micra AV электродсыз кардиостимуляторын салдық. Науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды, ал жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы синхронизация 80 пайызға жетті, - дейді Жүрек орталығының интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Аян Әбдірахманов. 
Micra AV - бұл қос камералы стимуляция қызметін атқаратын, бар болғаны таблетканың өлшеміндей ғана, әлемдегі ең кішкентай электродты кардиостимулятор. Ол тек оң қарыншаға - жүректің бір камерасына ғана орнатылады. Бірақ ол жүрекшенің жиырылуын тануына қарай екі камералы секілді жұмыс істейді.

Micra AV жүрекшелер мен қарыншаларды синхрондауға көмектеседі, элктродтарға байланысты асқынуларды болдырмайды. Бұл жүйенің бірегейлігі де осында. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл кардиостимулятор жүрек жұмысын үндестіреді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы