Елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Елорда тұрғындарын жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде айтылды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасовтың айтуынша, Ұлттық статистика бюросы департаментінің статистикалық деректеріне сәйкес, қазіргі таңда елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап тұр. Бұл республикалық деңгеймен салыстырғанда 0,3%-ға кем.

2021 жылдың нәтижесі бойынша «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 23 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа 7 200-ден астам азамат орналастырылды. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 200 азамат Жұмыспен қамту орталығы жолдамасымен жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік қолдаулардың ішінде «Жастар практикасымен» 914 азамат жұмысқа тұрды, әлеуметтік жұмыс орындарына 185, қоғамдық жұмыстарға 2 848 азамат орналастырылды, - деп атап өтті Байтасов.

Оның айтуынша, енді іске қосылған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 91 азамат жұмысқа орналастырылды. Одан бөлек, «Ұрпақтар келісімшарт» жобасы аясында 2 азамат жұмысқа жолданды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 213 азамат жолдама алып, оның 91%-ы жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 384 елордалықтың 590-ы мемлекеттік грант иегері атанды, - дейді ол брифингте.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы