Елордада жүкті әйелдер мен балалар арасында КВИ ауруы төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Алайда дәрігерлер қала тұрғындарына босаңсудың қажеті жоқ екенін ескертеді, өйткені алдын алу шараларын сақтамау КВИ ауруының өсуіне қайтадан әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемованың айтуынша, бүгінде ковидтік стационарларда 171 науқас ем алуда, инфекциялық төсектердің жүктемесі 28,8%-ды құрайды.

Жұқпалы төсек-орындарда жатқан науқастар азайғанмен, ауыр науқастардың қатары азаймай тұр. Ондағы жүктеме 41,6%-ды құрайды. Бүгінгі күні реанимацияда 37 адам бар, оның ішінде 28-і ИВЛ аппаратына жалғанған. Елордада коронавирустық инфекцияны емдеу үшін 7 стационар, 594 төсек-орын, оның ішінде 89 реанимациялық төсек бар, - деп хабарлады спикер.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, елордада жүкті әйелдер мен балалар арасында коронавирус инфекциясы азайды. Бүгінгі күні 10 жүкті әйел КВИ-дан ем алуда, оның ішінде 7 әйел стационарда жатыр. COVID-19 жұқтырған екі бала стационарлық жағдайда емделіп жатыр.

Сонымен қатар, коронавируспен амбулаториялық емделіп жатқан пациенттердің саны да азайды. Қала бойынша 630 адам үйде ем алуда.

Көріп отырғанымыздай, елорда коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «жасыл аймаққа» енді. Бұған ерекше факторлар әсер еткенін мойындау керек. Біріншіден, азаматтар өз денсаулығына сақтықпен қарай бастады. Екіншіден, халықты КВИ-ға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау әсер етті, - деді Ә.Рүстемова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы