Елордада «Жасыл кеңсе» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада III республикалық «Жасыл кеңсе» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқаудың ұйымдастырушылары - «Жасыл экономиканы» қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ. Сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисі қолдау білдірді.
Конкурс экологиялық өмір салтын, «жасыл» және төмен көміртекті технологияларды насихаттауға, қоғамдық пайдаланудағы ғимараттардың экологиялығын, жайлылығын және эргономикалығын арттыруға, озық тәжірибені, үздік технологиялық шешімдерді таратуға, экологиялық жауапты ұйымдарды брендтеуге бағытталған.
Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер осы жылдың 15 сәуірі мен 15 қыркүйегі аралығына дейін 10 номинация бойынша қабылданды:
1) білім беру саласында;
2) денсаулық сақтау саласында;
3) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор арасында;
4) халықаралық ұйымдар мен өкілдіктер арасында;
5) ШОБ арасында;
6) өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында;
7) бизнес орталықтар мен сауда орталықтары арасында;
8) қызмет көрсету саласында;
9) қаржы ұйымдары арасында;
10) ҮЕҰ арасында.
Конкурсқа қатысушылардан барлығы 100-ден аса өтініш келіп түсті. Байқау комиссиясы жеңімпаз дипломдары мен «Green office» арнайы белгілерін алатын 30 үздікті таңдап алды.
Марапаттау рәсіміне Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігінің өкілі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының экологиялық кеңесінің төрағасы Е.Н.Абаканов, ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Диана Дигол, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қаумдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы А.С.Соловьева, G-Global халықаралық хатшылығы басшысы С.Н.Нөгербеков, «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының атқарушы директоры А.М.Сүлейменов қатысты.