Елордада "Жасыл ел" еңбек жасақтарының XVІІІ маусымы өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен "Жасыл ел" еңбек жасақтарының XVIІІ маусымы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2020-2021 жылдары "Жасыл Ел" отрядтарында 1 200 адамға орын бөлінді, ал биыл бұл сан 1 956-ға дейін өсті, өсім 756 орынды құрады.
Қазіргі уақытта 14-17 жас аралығындағы кәмелетке толмаған еңбек отрядтарының қатысушылары қаланың білім беру мекемелерінің аумағында, ал 18 жастан асқан жастар саябақтарда, скверлерде жұмыс істейді, көгалдандыру мен тазалауға қатысады.
Осы жылдың тағы бір ерекшелігі - қала басшылығының тапсырмасына сәйкес "Жасыл ел" жобасы аясында 14-29 жас аралығындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 500 орын қарастырылған. Оларға форма тегін беріледі, 64 564 теңге мөлшерінде ай сайынғы жалақы төленеді, 6 айға дейін жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.
"Жасыл Ел" жасағына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарды қабылдау жалғасуда. Жұмыс орны, кестесі, уақыты, шарттары мен ұсыныстары туралы толығырақ @Ns_jastary Instagram аккаунтына жазып, білуге болады.