Елордада жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанаға өтініш қабылданады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда 5 қарашадан бастап жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанаға өтініш қабылданады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Жалдамалы пәтерге өтінімді 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бере алады. Өтінімдер 5 қарашадан бастап 10 қарашаға дейін қабылданады. Пәтердің ай сайынғы төлемі үйдің жалпы ауданының көлеміне байланысты 5 мыңнан 15 мың теңге аралығында болады."Азаматтарға ыңғайлы болу үшін осы бағдарламаны электронды түрде жүргізуді жөн көрдік. Өтінім Smart Astana порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалдамалы үйден үмітті болсаңыз Smart Astana порталында ЭЦҚ арқылы онлайн режімде өтініш жібере аласыз. Өтініш бергеннен кейін біз оны өңдейміз. Өңдеу уақыты бірнеше күнді алады. Осыдан кейін өтінім берудегі кемшіліктерді жою үшін сізге бір күн береміз. Егер сіз тізімде бір нәрсені ұмыт қалдырсаңыз немесе нақты мәртебеңізді, деректерді нақтылағыңыз келсе әр үміткерге құжаттарды толықтыруға бір күн береміз. Сондай-ақ, ол да электронды тәртіпте жүргізіледі", - деді елорда әкімдігінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова.
Өтінімдер қарашаның 5 мен 10 аралығында қабылданады. Іріктеуден өткен жастардың тізімі 2019 жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірлмей жарияланады. Сондай-ақ жалдамалы пәтерге іліккен жастар биыл жыл соңына дейін қоныс тойын тойлайтын болады.
"Әр отбасының құрамы әртүрлі, сондықтан мәртебесі де әрқалай болмақ. Көпбалалы болсаңыз да, үш бөлмелі пәтердің берілмейтінін, тек бір және екі бөлмелілер таратылатыны ескеру керек. Тұрғын үй сатып алу, ұзарту құқығынсыз бес жылға беріледі. Яғни, бес жылдан кейін біз сізден осы тұрғын үйді босатуды сұрауға мәжбүр боламыз, өйткені біз бұл пәтерлерді басқа жастарға береміз", - деп қосты тұрғын үй қорының директоры.
Белгілі болғандай, жалға берілетін тұрғын үйлер Ш.Уәлиханов-С.Сейфуллин көшесінің қиылысында ("Астаналық" базарының маңайы), Бөгенбай батыр мен Ә.Жангелдин көшелерінен беріледі. Бір бөлмелі пәтер ауданы 30-45 шаршы метр болса, екі бөлмелі 46-70 шаршы метр аралығында. Бәрі де – жаңа пәтерлер.
"Заң бойынша біз аяқталмаған үйді бере алмаймыз. Жиһазды жастарды өздері сатып алуы керек", - деді Н.Қожахметова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы