Елордада жасөспірімдер мен студенттерге арналған тегін коворкинг ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жасөспірімдер мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан студенттер үшін тегін жастар коворкинг ашылды.
Кеңістік «Замандас» отбасылық аула клубының негізінде құрылды. Аула клубтары ашылғаннан бері 11 жыл ішінде шығармашылық балалардың тұтас буыны өсті: ғалымдар, инженерлер, спортшылар, актерлер, бишілер, әншілер. Жастар жаңа шыңдарды бағындыруға дайын. Осыған байланысты клуб түлектері, сондай-ақ басқа да жасөспірімдер мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан студенттер үшін коворкинг-кеңістік ашу туралы шешім қабылданды. Мұнда балалар бос уақыттарын өткізіп, өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыра алады.
Коворкингте білім алуға, өзге жасөспірімдермен қарым-қатынас және шығармашылық даму үшін қолайлы орта жасалған: компьютерлермен жабдықталған жұмыс орындары ұйымдастырылған. Мұнда елорданың белгілі жазушыларымен, ақындарымен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізу, психологпен консультациялар ұйымдастыру, болашақта кәсіпкерлік бойынша сабақтар өткізу жоспарланып отыр.
Коворкингке 15 жастан асқан жасөспірімдер қатыса алады. Орталыққа келу үшін 8 (701) 516 15 25 нөмірі бойынша алдын ала жазылу қажет.
Біз үшін бұл орталықты ашу өте маңызды, өйткені есейе келе біз сирек көрісіп, қарым-қатынасты тоқтатамыз. Ал коворкинг бізге балалық шағымыздың қызықты сәттерін «Замандас» клубында еске түсіріп қана қоймай, жаңа достар табуға, қызықты бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік береді. Біз тіпті ересек өмірде де назардан тыс қалмайтынымызға қуаныштымын, - деп атап өтті клубтың тәрбиеленушісі Жанель Ержанқызы.
Коворкингтің тағы бір тәрбиеленушісі - Ералы Нұржамал да жаңа қарым-қатынас орны қызықты мүмкіндіктер ашады деп санайды:
Аула клубында жасөспірімдер клубы бар. Бірақ біз өсіп келе жатырмыз, сондықтан коворкингтің ашылуы да орынды деп ойлаймын. Біз достарымызбен, жерлестерімізбен байланысты жоғалтқымыз келмейді. Сонымен қатар, сабақтан кейін уақытты өткізу үшін қауіпсіз және жайлы орынның болғанын қалаймын.
Біз «Замандастың» жұмысына 2013 жылдан бері қолдау көрсетіп келеміз. Біз бірге көптеген балалардың өмірін өзгерткен үлкен жолдан өттік. Жақында біз алтыншы аула клубын аштық. Енді онда 2700 - ден астам бала бос уақытын өткізе алады. Оқушылар орталықта арт-терапия, хореография, шахмат, каратэ, домбыра, тоғызқұмалақ, ағылшын тілі сияқты 30-дан астам үйірмемен айналыса алады. Осы күннен бастап жастармен жұмыс істеуге бағытталған коворкинг аталған бастамаларға қосылатынына қуаныштымыз, - деп атап өтті өз сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.
Ашылу салтанатына «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің, мәдениет басқармасының және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ өкілдері қатысты.